Samsung корпорациясының топ-менеджерлерінің бірі Galaxy S5 смартфонының жарыққа шығу уақытын хабарлады. Жаңа өнімдегі басты жаңалықтың бірі ондағы көз қарашығын сканерлеу қызметінің болуы ықтимал.
Компанияның мобильді құрылғылар бөлімінің атқарушы вице-президенті Ли Ен Хи (Lee Young Hee) Bloomberg агенттігіне берген сұқбатында Galaxy S моделінің бесінші буыны саналатын смартфон биылғы жылдың наурыз немесе сәуір айларында шығатынын мәлімдеген. Айта кетейік, дәл осы мерзім кезінде былтыр Galaxy S4 флагманы таныстырылған болатын.
Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Samsung енді өзінің қымбат смартфондарының корпусына пластик қолданудан бас тартып, оның орнын металға алмастырмақ екен. Алайда вице-президент бұл сыбысқа түсініктеме беруден бас тартыпты. Есесіне ол Galaxy S4 моделі өзінің алдыңғы буынына қатты ұқсағандығы себепті қолданушылардың көңілінен шықпағандығын мойындады. Сонымен қатар, Ен Хи мырза компания Galaxy S5 моделінің жұмысына біраз еңбектенгендігін және оның кей тұстары мүлдем өзге болатындығын айтып қалды.
Осыған дейін хабарланғандай, жаңа смартфон HD-форматынан мүмкіндігі жағынан төрт есе үлкен, яғни 2560 х 1440 (QHD сапалы) пиксель болатын 5,25-дюймды дисплейге ие болмақ.
Samsung жақында көз қарашығын сканерлеу қызметіне патент алған болатын. Ли Ен Хи мырза да аталған инновациялық технологияны Galaxy S5 моделінде қолдануын жоққа шығармады.
Топ-менеджердің сөзінше, оңтүстік кореялық компания жаңа смартфонмен бірге Galaxy Gear «ақылды сағаттарының» екінші буынын ұсынуды жоспарлап отыр. Ол жаңарған дизайн, ыңғайлы құрылым және жетілдірілген жаңа қызмет түрлеріне ие болады.
Сондай-ақ ол болашақта жаңартылған Galaxy Note планшетофоны үшжақты дисплеймен қамтамасыз етілуі мүмкін екендігін де айтып отыр. Майысқан экранының арқасында қолданушы хабарламалар мен басқа да қызмет түрлерін дисплейдің жанынан қарап тұрып та бақылап және басқара алмақ.
Бір қызығы, Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, осындай типтегі гаджетті Apple корпорациясы да дайындау үстінде екен. Ол биылғы жылдың екінші жартысында сатылымға түспек.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: inferse.com