- Негізгі бет
- Шолу
- Galaxy Note 5-тің...
Galaxy Note 5-тің беріктігін дроп-тест тексерді
Galaxy Note 5 – Оңстүстік корейлік Samsung компаниясының смартфондар нарығындағы басты өнімдерінің бірі. Құрастырушы инженерлердің ресми түрде мәлімдеген ақпаратына сенсек, мобильді құрылғының дисплейі өте берік материалдан жасалған. Ал мұны тексеру үшін UnlockRiver блогерлері жаңа смартфонды 274 метр биіктіктен лақтырған. Ендеше дроп-тест нәтижесімен таныс болайық.
Айта кетсек, дроп-тест – кез келген мобильді девайстың беріктігін анықтайтын сынақ. Әдетте дроп-тест жасау үшін стандартты биіктік қолданылады. Мысалы, гаджет тұтынушының қолынан абайсызда түсіп кетуі мүмкін биіктік. Сол кезде смартфонға қаншалықты зақым тиетінін анықтау үшін гаджеттер алдын ала сынақтан өткізіледі. Ал 274 метрден құлау оңайға соқпасы анық.
Тәжірибені жүзеге асыру үшін UnlockRiver блогерлері квадрокоптердің көмегіне жүгінген. Олар дронға смартфонды іліп, аталған биіктікке жеткізеді. Ендеше смартфонның қандай күй кешкенін төмендегі видео арқылы көре аласыздар.
Сынақтан өткен гаджеттің төменгі корпусы толығымен зақымданған. Дегенмен смартфон толығымен істен шықпаған. Оның камерасы, динамикасы және микрофоны әдеттегідей істеп тұрғанын көреміз. Смартфонмен хабарлама жіберуге де болады.
UnlockRiver блогерлерінің мәліметіне сүйенсек, сынақтан аман қалған Galaxy Note 5 смартфонын қайта қалпына келтіру үшін 450 АҚШ доллары қажет болады екен.
Ж. Өрісбай