GM көліктерінен тағы бір ақау шықты

General Motors компаниясы әлем бойынша 1,5 миллион автокөлігін қайтаруды бастап кетті. Оған себеп бұл көліктердің рульдік басқаруындағы электрокүшейткіштің жөндеуге келмейтіндей етіп жасалуында болып отыр. Осылайша америкалық компания биылғы жылдың ақпан айынан басталған проблемалы көліктерін қайтару науқаны барысында 6,26 миллион көлігін зауытта әкеліп, қайта жөндемек.  

Сонымен бұл жолғы көліктердің мәжбүрлі шақыртуына Chevrolet Malibu, Chevrolet HHR, Chevrolet Cobalt (америкалық нұсқасы), Saturn Aura, Saturn Ion және Pontiac G6 модельдері еніп отыр. Кері қайтарылатын автокөліктердің барлығы да 2010 жылға дейін шығарылған екен.

Өндіруші компанияның мәліметінше, қазіргі кезде аталған проблемамен байланысты ресми түрде бірде-бір ЖКО (жол-көлік оқиғасы) тіркелмеген. Дегенмен де, GM осыған дейінгі шығарылған көліктерінің арасында болуы мүмкін басқа проблемаларды анықтау үшін көлік иелерімен тығыз жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ компания жоғарыдағы көліктердің жүргізушілерінен жергілікті ресми дилерлерге тезірек жолығып, бөлшектерді тегін ауыстырып алуды өтінеді.     

2014 жылдың тек алғашқы тоқсанының өзінде көліктерді қайтару ісіне General Motors 750 миллион долларға шығындалмақ. Оған көліктердегі ақауларды жөндеуге кететін 300 миллион доллар ақшаны қосыңыз.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: autoworld.wordpress.com