Ford ең қуатты көлігі Mustang Shelby GT500 купесін ел назарына ұсынды. АҚШ-тың Детройт қаласында 700 аттың күші бар V8 5.2 компрессорлы моторы орнатылған спорткар таныстырылды.
Компания Shelby GT500 көлігін алдағы күз айларында сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Бұған дейін бұл көлік сериясының ең жылдамы GT350R көлігі саналатын. Алайда ендігі күш - GT500-де. Өтйкені спорткарға 2.65 литрі Roots күшейткішімен 5.2 литрлі V8 моторы орнатылған. Shelby GT500 жүзді (100 км/сағ.) 3.5 секундта алқымдайды.
Әзірге Shelby GT500 7 сатылы робот қозғалтқышымен сатылымға шығады. "Егер механикалы қозғалтқышқа сұраныс көп болса жасаймыз" деп отыр компания өкілдері. Сондай-ақ, көлікке MagneRide амортизаторы мен америкалық спорт көліктерінің ішіндегі ең үлкен тежегіш дискі орнатылған.
Көліктің аты ресми түрде Ford Mustang Shelby GT500 болғанымен Кэрролл Шелбидің бұл автокөлікке еш қатысы жоқ. GT500-ді толықтай Ford Performance ательесі жасап шығарған.
Ford-тың ең жылдам көлігінің құны әзірге құпия. Дегенмен сарапшылар көліктің нарықтағы бағасы 100 мың АҚШ долларына жетеді деп отыр.