- Негізгі бет
- Шолу
- Facebook іздеудің жаңа...
Facebook іздеудің жаңа жүйесін іске қосты
Атақты Facebook әлеуметтік желісі 8 шілде күнінен бастап сайттың ағылшын тілді қолданушыларына Graph Search (Әлеуметтік іздеу) құралын іске қосады. Біртіндеп ол басқа тілдерде де қолжетімді болмақ.
Graph Search жабық бета-нұсқасының іске қосылуы қаңтар айында жарияланған болатын. Жаңа жүйенің ерекшелігі сол, ол Facebook-ке тиесілі дүниенің бәрінде дерлік іздей алады. Мәселен, қолданушы «Менің достарымның фотосуреттерін» енгізіп, сол жерде «2009 жылға дейін» деу арқылы іздеуді нақтылай алады. Дәл осылай «велоспорт сүйер қауымды» «менің қаламда» немесе «Астана қаласынан» деген секілді сөздермен толықтыруға болады. Бірінші кезекте қолданушының достары арасынан ізделетін болады. Егер жүйе сұрақ жауап бере алмаса, ол Bing технологиясы арқылы бүкіл ғаламтор беттерінен іздей бастайды.
Жобаның техникалық директоры Ларс Расмуссеннің айтуынша, қаңтар айында аталған жүйе еш дайын болмаған. Мысалы, «балетті жақсы көретін достар» деген сұраққа қызығушылықтарына би билеуді жазған тек екі-ақ адам шығатын болған. Ал шын мәнісінде мұндай адамдардың анағұрлым көп екені белгілі, бірақ Graph Search ол кезде балет немесе театр парақшаларына қойылған «лайктарды» ескермеген. Расмуссеннің айтуынша, жарты жыл ішінде Facebook бағдарламашылары жүйені барынша толықтырған және оны енді іске қосуға әбден дайын екен.
Дей тұрғанмен, Facebook-тің іздеу қызметіне әлі де біраз күш жұмсау қажет. Біріншіден, ол әзірге «статустардан» іздей алмайды. Сонымен қатар, Graph Search Facebook-тің мобильді қосымшаларында жоқ. Осы қызметтердің барлығы жыл соңына дейін жарыққа шығуы тиіс. Екіншіден, Facebook алдында Graph Search жүйесінің іске қосылуынан пайда болатын көптеген мәліметтер ағынын реттеу мәселесі туындайды. Мамыр айында аталған компанияның жасаған мәлімдемесіне сәйкес сайттың 1,1 миллиардтық аудиториясы әр минут сайын 3,3 миллион жаңа жазба, фото және тағы басқа нәрселер жариялайды екен.
Бұдан бөлек, Graph Search-тің пайда болуынан соң өзге біреудің іздеуінен жеке профилін жасыра алмайтындығын да айта кеткен жөн. Осы жүйе шықпастан бұрын қолданушыларында «достары» тізіміне кірмейтіндерге өздері жайлы негізгі ақпаратты оқи алмайтын шектеу қою мүмкіндігі болған.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: wizmarketings.com
Ж. FM