Әлемдегі ең үлкен әлеуметтік желілердің бірі Facebook танымал адамдарға хат жолдау үшін ақша төлеуге мәжбүрлеп отыр. 1 хат – 15 долларға бағаланған.
Бұдан басқа, ендігі кезекте қолданушы өзінің достарының қатарында жоқ қолданушыға хат жолдау үшін де қалта қағуға тура келеді.
Facebook-тың ресми ақпаратында былай делінген: «Достар қатарында жоқ адамдарға хат жолдауды түрлі спамдарға қарсы шара ретінде ақылы жүйеге ауыстырдық. Біз Ұлыбритания мен басқа да елдерде бұл жүйені сынақ етіп жүргізіп жатырмыз. Нақты құнын білуге тырысып жатырмыз».
Танымал адамның қаншалықты деңгейде екенін анықтаған соң ғана оларға жазылар хаттың құнын белгілеуге болады екен. Ал «жұлдыздың» деңгейін оның жариялап жүрген сурет, ән немесе басқа да деректеріне қойылған лайк пен фолловерлер арқылы шешу көзделіп отыр.
Мәселен, танымал рэпер Snoop Dogg-қа хат жолдау құны 15 доллар болса, суға секіруден 18 жастағы әлем чемпионы Том Дэйлиге хат жолдаймын десеңіз, 16 доллар ақша төлеуіңіз шарт. Ал достар қатарында жоқ қолданушыға жазар хаттың құны 1,5 доллар болмақ.
Ал тегін хаттар тек желідегі достар мен ортақ достарға жіберілетін жүйеде қала бермек. Десек те, танымал адамыңызға хат жаза бере аласыз, бірақ сол ақысы төленбеген хат адресатқа бармайды. Мұндай хаттар «басқа» («другое») деген ұяшықта сақталмақ.
Бірақ бұл жүйе де сынға ұшырап үлгерді: жаңа коммерциялық саясат Facebook сервисі тегін болған әрі тегін болып қала береді деген компания тұжырымына қарсы келіп отыр. Twitter мен Facebook арасындағы бәсеке есебі 1-0 есебімен алғашқысының пайдасына шешіліп тұр дейді мамандар.
Айтпақшы, ең көп хат Марк Цукербергке келетін болғандықтан, оған хат жолдаймын десеңіз, 100 доллар төлеуіңіз керек болады екен.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: sostav.ru