- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- EXPO 2017: Беларусь...
EXPO 2017: Беларусь ғалымдары болашақтың көлігін ойлап тапты
Беларусь ғалымдары болашақтың көлігін ойлап тапты. Жер бетінде қалықтап жүретін фуникулер бір құрлықтан екіншісіне қатынай алады.
Бұл өнертабыспен белорустар Астанада өткен көрмеде таныстырды. Мұнда 70-тен астам кәсіпкер машина жасау, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология, жеңіл өнеркәсіп сияқты сан саладағы тауарларын көрсетті.
Бұл – инновациялық көлік жүйесі. SkyWay – елдімекен ішінде, қаладан қалаға, тіпті құрлықтан құрлыққа қатынай алатын бірегей көлік. Фуникулердің сағатына 500 шақырымды еңсеретін қауқары бар. Бүгінде беларусь ғалымдары ойлап тапқан өнертабысқа 200-дей мемлекет қызығып отыр. Олардың қатарында Қазақстан да бар.
Игорь Черный, «БелТРАНСНЕТ» компаниясының басқарушысы:
– Бұл көлік көп ұзамай әлемді жаулап алады. Қазір оны Қазақстанда да іске қосу мүмкіншіліктері қаралып жатыр. SkyWay тау бөктері арқылы Алматыдан Қырғызстанның Ыстықкөліне дейін қатынамақ. Көрмеге Беларусьтан 70-тен астам тауар өндіруші келіп, қазақ тұтынушыларына өндірістік һәм азық-түлік өнімдерін көрсетті. Ал отандық кәсіпкерлерге ынтымақтастық әлеуетімен таныстырып, әріптестік аясын кеңейтуді ұсынды. Осы шараның аясында қос мемлекеттің бизнесмендерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, оған екі елдің үкімет басшылары қатысты.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі: – Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін қос мемлекеттің де әлеуеті зор. Сауда-саттық көлемін ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынас пен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту секілді негізгі үш бағыт бойынша байланысты нығайтуға болады. Біз мұның бәрін жүзеге асыруға дайынбыз. Белорустар өзара тиімді келісімге келіп, жаңа байланыстар орнатуға ниетті. Айта кету керек, екі ел арасындағы сауда-саттық жиырма жылда 10 есе өскен.
Андрей Кобяков, Беларусь Республикасының Премьер-министрі:
– Қазақстанның сан саладағы экономикалық әлеуеті зор. Мұнда заманауи өндіріс нысандары мен білікті мамандар жетерлік. Жергілікті халық өмірге үлкен сеніммен қарайды. Ал бұл өз кезегінде арамыздағы ынтымақтастықты бекемдеуге септігін тигізеді.
Ал Беларусь тауарларының көрмесі тамыздың 15-іне дейін жалғасады.
Дереккөз: 24.kz
О. Сансызбай