Curiosity аппаратымен тығыз жұмыс жасап келе жатқан NASA мамандары Марс ғаламшарының жаңа гигапиксельді көрінісін жариялады. Көрініс аппарат көмегімен түсірілген жеке 900 кадрдан құрастырылып жасалған екен. Көріністің түпнұсқасын NASA агентігінің сайтындағы арнайы беттен көруге болады. Ал оның сығылған нұсқасын JPL зертханасынан жүктей аласыз. Онда әр суреттің аттары жазылған.
Көріністегі суреттердің басым көпшілігі (850) Mastcam ұзынфокусты камерасынан жасалса, тағы да 21 фотосурет сол аппараттағы кеңбұрышты камерадан алынды. 25 сурет ақ-қара түсті Navcam навигациялық камерасы есебінен түсірілді.
Барлық кадрлар 2012 жылдың 5 қазаны мен 16 қарашасы аралығында Марстың Рокнест аталған құмды ауданында жасалған. Дәл осы жерде бұрын Curiosity "Қызыл планета" бетінің топырақ үлгілерін алған еді.
Көріністе Марс бетіндегі жақын аудандарды тамашалауға болады. Айта кетейік, суреттегі ғаламшардың түсі мамандардың өңдеуінен кейін ғана қалыпқа келіп, көпшілікке ұсынылып отыр. Себебі қазір Марс бетінде қатты дауыл тұрған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: zhelezyaka.com