Curiosity марсоходы Қызыл планетаның бетінен судың іздерін тапты.
Марстың тастарын бұрғылау арқылы алынған тозаңды зерттеудің нәтижесінде оның құрамынан азот, оттегі, сутегі, көміртегі және фосфордың іздері табылды. Планетадан сульфаттар мен сульфиттердің іздерінің табылуы Марста микроорганизмдердің өмір сүруі мүмкін екендігінің белгісі.
"Бұл элементтердің табылуы Марста судың бар екендігін белгісі, ал миллиондаған жылдар бұрын тіршілік те болған болуы мүмкін", - деді инженер Джон Грансфилд.
Дегенмен ғалымдар микроағзалардың тіршілігі туралы нақты ештеңе дей алмайтындықтарын жеткізді. "Табылған заттарға қарап Марста бұрын-соңды өмір сүруге мүмкіндік болғандығын біле аламыз. Химиялық тәжірибелердің нәтижесі бойынша, ғаламшарда бұрын тұзды көл болған. Бірақ судың қашан сіңіп кеткендігін, ағзалардың қашан өмір сүргендігін дәл айтып бере алмаймыз", - деді ғалымдар.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: nasa.gov