BlackBerry компаниясының атқарушы директоры Торстен Хейнс даулы мәлімдеме жасады. Оның ойынша, бес жылдан кейін планшетті компьютерлер қолданыстан түгелдей дерлік шығып қалады.
Үлкен экранды смартфондарды ешкім де, әрине, қолдап тоқтатып тастамайды, бірақ көпшіліктің қолданысы күрт кемиді, дейді атқарушы директор.
«Мен бес жылдан соң, планшеттерді қолданудың реті жоқ деп ойлаймын. Жұмыс орнындағы үлкен экран тұтынушыға ол кезде де керек болар, бірақ планшеттің тағдыры шешіліп қойған секілді. Себебі ол нашар бизнес-модель».
Сонымен қатар, СЕО BlackBerry компаниясының өкілі келер бес жылдан кейін қазіргідей әлем нарығында Samsung пен Apple көшбасшылық етпейді, олардың орнын BlackBerry басады деп мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, бұл нәтижеге олар ешқандай көшірме жасаусыз-ақ жетеді. Дәл қазіргі жағдайда BlackBerry компаниясы үлкен үмітін жақында ғана шыққан Q10 квертифонынан күтіп отырған сыңайлы.
Өз кезегінде BlackBerry басқарушысының мәлімдемесіне The Telegraph баспасы скептикалық көзқарас танытып отыр. Басылымның айтып отырған себебі Apple және Samsung компанияларының басты жетістігі осы планшеттер арқылы келгендігі болып отыр.
Ендігі қызықты қараңыз. Raymond James сараптама компаниясы қызықты зерттеу жүргізеді. Дәстүрге айналып кеткен «Қай смартфон күшті?» деген сұрақтың орнына респонденттерге Raymond James «Қай смарфтонды сіз өміріңізде сатып алмайтын едіңіз?» деген кереғар сұрақ қойыпты. Бұл арқылы олар ең мықтыны емес, ең әлсізді су бетінен шығарып алғысы келген.
Көріп отырғандарыңыздай, зерттеу нәтижесі BlackBerry компаниясын қуантпасы анық. Сауалнамаға қатысқандардың 70 пайызы BlackBerry-дың гаджеттерін сатып алмайтынын шегелеп айтқан. Ал бұл компанияны өкшелеп келе жатқан Android платформасы болып шыққан – 31 пайыз. Ал iPhone смартфонын сатып алғысы келмегендер тек 20 пайызды құрапты. Ал Microsoft жайлы бізге белгісіз бір себептермен Raymond James сұрамай қойыпты.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: slon.ru