Bentley тарихындағы тұңғыш жол талғамайтын көлік

2016 жылдың екінші жартысында жоғары санатты көліктерді шығаратын британдық Bentley компаниясы өзінің тұңғыш жол талғамайтын көлігін сатылымға қояды. Қазіргі кезде компания өкілдері жаңа көлікті жылына 3 мың данамен сатуды жоспарлап отыр.

Bentley ұсынатын көліктің соңғы нұсқасы қандай болатыны әлі күнге белгісіз. Өткен жылдың жазында бейресми ақпараттар желісінде автокөліктің сынақтан өткізу үшін жасалған үлгісі көзге түскен еді. Сол кезден бастап көлікке деген көпшілік қызығушылығы арта түсті. Ал жуырда болған Лондон қаласындағы кездесуде компания басшылары өнімнің ең қымбат жол талғамайтын көлік болатынын тілге тиек етті.

Соңғы статистикалық ақпараттарға көз жүгіртсек, Bentley көліктерінің жалпы экпортының 29%-ын АҚШ нарығы құрайды. Ал соңғы жарты жыл көлемінде Қытайда сатылған жоғары санатты әр үш көліктің бірі Bentley өнімі болыпты. Сондықтан британдық компания жаңа көлікті аталған екі нарыққа бағыттамақ.

Екі күн бұрын Bentley компаниясының басшылары жаңа джип тәріздес көліктің Bentayga деген атауға ие болатынын растады. Bentayga – Атланд мұхитындағы Гран-Канария аралында орналасқан таудың аты. Компания бұл атауды өткен жылдың қараша айында бренд ретінде ресми тіркеген. Бас директордың айтуынша, Bentley Bentayga кез келген жолдың қиын торабынан кедергісіз өте алады. Ал оның техникалық мінездемесі туралы ақпарат берілмеді. Bentley компаниясының жол талғамайтын көлігі 160 000 еуроға ($214 000) бағаланып отыр.

2018 жылға қарай Bentley Bentayga көлігінің экспорттық санын 15 мың данаға өсіру жоспарлануда. Ал 2020 жылдан бастап жыл сайын 20 мың дана экпортталмақ. Ескере кетсек, компания делдалдары өткен жылдың есебі бойынша жалпы 10 120 көлік сата алған.

Сурет: motor.ru

Оқи отырыңыз:

Детройтта 3D-принтермен жасалған көлік таныстырылды

Дрифттен жаңа Гиннес рекорды орнатылды

NASA мен Nissan бірігіп көлік шығарады

Mercedes-Benz жүргізушісіз басқарылатын көлік шығарады

Audi 2017 жылы электрокар нарығына келеді