Қытай бағдарламашылары қолданыстағы платформаның жаңа функциясын таныстырды. Жергілікті интернет алыбы Baidu Қытай халқы үшін өзіндік құрылымға ие дыбыстық көмекші керек екенін ұйғарыпты. Ол америкалық Siri, Cortana және Google Now функцияларына бәсекелестік тудырмақ. Жаңа функцияны Baidu компаниясының басшысы Робин Ли Бейжіңде өткен конференцияда таныстырды.
Baidu Қытайдағы ең алып интернет браузері болып саналады. Ол қолданушылар саны бойынша әлемде Google-дан кейін екінші орынды иемденген. Ендеше бәсекелеске қабылетті болу үшін Google Now аналогын ұсынып отыр. Айта кетсек, аталған дыбыстық функция Android смартфондардың құрылымына бейімделіп жасалған.
Duer бағдарламасы айтылған ақпаратты өңдеп, оны смартфонда немесе ғаламторда іздеуге бағытталған. Мысалы, қолданушы смартфоннан жақын маңдағы кинотеатр, тағамға тапсырыс беру немесе Baidu браузерінен ақпарат іздеу туралы сұрай алады. Сонымен қатар, аталған функция болашақта "ақылды" үйдің басқару тетігіне айналмақ.
Baidu платформасын АҚШ-та білім алған қытайлық Робин Ли мен Эрик Сю негізін қалаған. Олар 2000 жылы америкалық инвесторлар ұсынған 1,2 миллион АҚШ долларымен өз жұмысын бастайды. Бүгінгі таңда Baidu индексінде 740 миллион веб-бет, 80 миллион сурет пен 10 миллион медиақұжат бар.
Компанияның аты Сун династиясы дәуірінен бізге жеткен поэмадан алынған. Ал сөздің этимологиялық шығу ұғымы — "мақсатын іздеу".