- Негізгі бет
- Шолу
- Azzam: әлемдегі ең...
Azzam: әлемдегі ең үлкен яхта
Орыс байы Роман Абрамовичтің "Eclipse" деп аталатын яхтасы "әлемдегі ең үлкен" деген атағынан айырылды. Оны мәртебелі орнынан ығыстырған жақында ғана Германияда қолданысқа берілген "Azzam" яхтасы. Яхта қожайынының есімі әзірге құпия сақталуда. Бірақ кейбір дерек көздері оны сауд ханзадасы Әл-Валид ибн Талал әл-Саудқа арнап жасалынған болуы мүмкін дейді.
Azzam яхтасының ұзындығы 180 метр. Яғни ол Роман Абрамовичтің қайығынан 17 метрге ұзын. Ені - 20,7 метр болады. Ал оның қазіргі болжанған бағасы 609 миллион доллар екен. Яхтаны жобалауға 1 жыл уақыт кетсе, оны құрастыру 3 жылға созылыпты.
Сондай-ақ Azzam әлемдегі ең үлкен яхта ғана емес, өз классындағы ең жылдамы деп те саналып отыр. Мысалы, оның қозғалтқышының жалпы қуаты 94 мың ат күшіне тең. Ол бір сағатта 48 шақырым қашықтықты еңсере алатындай мүмкіндікке ие. Яхта өз қоймасына 1 миллион литр жанармай сыйғыза алады.
Қолданысқа берілген яхтаны толық қызметпен қамтамасыз етуге 50-ден аса адам керек екен. Әзірге яхта ішіндегі қызметтер мен оның ішкі көріністері белгісіз болып отыр. Бірақ, сарапшылар онда "Eclipse"-тегі сияқты кем дегенде тікұшаққа арналған екі қону алаңы, үлкен зал, кинотеатр және шағын суасты қайығы болады деп болжайды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: zhelezyaka.com
Б. Қосмағамбет