Audi жүргізушіні қажет етпейтін электромобилін таныстырды

Audi жүргізушіні қажет етпейтін электромобилін таныстырды
Фото: www.autoblog.com

Неміс инженерлерінің жаңа көлігінің екі электрлі моторы бар. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 3,9 секундта жетеді. Ал ең жоғары жылдамдығы – сағатына 250 шақырым. Дегенмен оның ең басты артықшылығы – өзін-өзі басқаратын құрылымға ие болуы. Қытайдың Шанхай қаласында өтіп жатқан тұтыну электроникаларының халықаралық көрмесінде Audi авто концерні жүргізушіні қажет етпейтін электромобилін таныстырды.

Audi R8 e-tron қоршаған ортаның картасын жасау үшін лазерлі сканер, камера, радар және дыбысты анықтайтын тетіктерді қолданады. Аталған бөлшектер қозғалыс кезінде көліктің қауіпсіз ортада жүруін қамтамасыз етеді.

Айта кеткен жөн, Audi өзін-өзі басқаратын көлікті дамытып жатқан жалғыз компания емес. Әйткенмен де, аталған компания өз өнімін барынша қуатты әрі жылдам етіп шығаруды көздеп отыр.

Құрастырушылардың айтуынша, әзірге негізгі концепті ғана дайын болған көлік 456 ат күшімен қамтамасыз ететін батареялы екі мотормен жабдықталады. Супер көлікті қуаттау екі сағатты қамтып, 450 шақырымға дейін қайта қуаттауды қажет етпейді.

R8 e-tron электрлі көлігін құрастырушылар идеяны 1982 жылы режиссер Стивен Лисбергертің басқаруымен түсірілген «Трон» фантастикалық фильмінен алғанын айтады. Ал фильмнің жалғасы 2010 жылы экрандалды.

Audi инженерлері ионды технологияның көмегімен көлікке Т-пішінді батареяларды орнатты. Осының арқасында жаңа автоның салоны біршама үлкейген. Айта кетсек, компания инженерлері жаңа электромобильдің жаппай шығарылымы қай кезге жоспарланғаны туралы мәлімет бермеді. Оның әлемдік нарықтағы бағасы да әзірге құпия болып отыр.

Ж. Өрісбай