Asimo құлтемірі даяшыларды нарықтан ығыстыруы мүмкін

Жақында Honda компаниясы Asimo ақылды құлтемірін таныстырды. Құлтемір зерттеушілерінің айтуынша, Asmio құлтемірі даяшыларды нарықтан ығыстыруы мүмкін. Құлтемірдің қызмет көрсету мен бірер істі тындырудағы дәлдік дәрежесі өте жоғары, тіпті өте парасатты деуге де болады екен. Amio құлтемірі көптеген адамның бет-әлпетін, дауысын тани алады. Алдыға-артқа жүре алады және баспалдақ пен лифтті қолдана алады. Бөтелкені шайқап, ашып, оны белгілі бір ыдысқа құя біледі.

Ең соңғы үлгідегі Asmio-ның тік тұрғандағы бойының биіктігі – 1,3 метр. Оның "аялы алақаны" қағаз стақанды қабыстырып жібермей, қысып ұстай алады. Asimo ең тез жүргенде сағатына 9 шақырымдық жылдамдықпен жүре алады. Ол адамдардың бұрылу бағытын тез есептеп, тез жалтарып кете алады да, өзгелермен соқтығысып қалудан сақтанады.

Asimo жүзінде жымиыс та бар. Ол ағылшын және жапон тілдерін біледі. Тарелканы көтеріп әкеле алады және допты да тебе алады. Оның бойында тепе-теңдікті сақтау құрылғысы орнатылғандықтан, оңай жығыла қоймайды. Asimo 51,8 уаттық қуат көзімен жұмыс істейді. Әр рет қуаттағаннан соң, 40 минут тоқтаусыз жұмыс істей алады.

Көз бөліміне орнатылған екі камерасы арқылы жоғары көру түйсігімен жұмыс жасай алады. Ыдыстарды қойып, қолмен ас ішіңіз дегендей ишараны да білдіреді.

Оның ақыл жағынан жетілгені өз алдына, икемділігі де арта түскен. Алды-артқа жүреді, баспалдақтан секіреді, тіпті адамның ашуланғанын да бет-бейнесі мен дауысына қарап ажырата алады екен.

Honda компаниясы өкілдерінің айтуынша, Asimo әлі де жетілдірілу үстінде болса да оны нарыққа бейімдеу жоспарлары жоқ екен. Бірақ, бұл үлгідегі құлтемір олардың көздеген нәтижелерінен де артық деңгейге жеткен. Ол үй жиһаздарын сүрту мен кеңсе қызметіне өте қолайлы дейді авторлар.

Asimo бүгінге дейінгі құлтемірлердің ішіндегі ең заманауиы. Honda компаниясы 1986 жылдан бері қарай құлтемір өнеркәсібін зерттеуді үзбей жалғастырып келеді.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: wikipedia.org