Нарықта ең көп сұранысқа ие смартфондардың беріктігін сынаушылар көптеп табылады. Расында арасында ақылға конымсыз краш-тест жасайтындар да табылады. Ал Youtube видеохостингіндегі EverythingApplePro арнасының блогшысы Apple мен Samsung компанияларының ең соңғы шыққан смартфондарының суға беріктігін салыстыруды жөн көріпті.
Салқын суға салынған iPhone 6 Plus, Samsung Galaxy 6 Edge Plus пен Galaxy Note 5 смартфондары бастапқыда еш өзгеріс танытпайды. Тек екі минут өткеннен кейін Samsung өнімдері өзімен-өзі қосылып, жұмыс істей бастайды. 15 минут өтіп, Galaxy Note 5 аппаратының Wi-Fi модулі істен шығады. Сонымен қатар, Galaxy 6 Edge Plus смартфонының сенсорлы батырмалары істемей қалса, iPhone смартфоны дыбыстау функциясынан айырылады.
Сынақ соңында оңтүстік кореялық өнімдер қайта қосылмай қойғанын байқаймыз. Ал iPhone дыбыссыз негізде болса да, барлық функциясының істеп тұрғанын көреміз. Нәтижеде видео блогшы бұл сынақта Apple аппараты жеңіске жеткенін хабарлады.