Apple корпорациясы тыңдарманның талғамына қарай треклист құрастырып отыратын онлайн-радио жасап шығармақшы, деп хабарлайды The Wall Street Journal.
Қазіргі кезде америкалық компания түрлі музыкалық компаниялармен туындыларды трансляциялау жөнінде келісім-шарт жүргізіп жатыр. Айта кетелік, сервис осылайша қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған Pandora онлайн-радиосына басты бәсекелес болады. Бұл сервистің ерекшелігі таратылатын контенттің тыңдармандардың қалауына орай онлайн режимінде өзгеріп отыратындығында. Композицияны онлайн түрде тыңдау мүмкіндігіне Last.fm, Imhonet, Spotify сервистерінің де ие екендігін айта кетелік.
Радио iPhone смартфондарында, iPad планшеттерінде және Mac компьютерлерінде қолжетімді болады. Сервис, сонымен қатар, Windows операциялық жүйесіндегі құрылғылар үшін өңделеді деп күтілуде.
Қызмет тегін түрде жүзеге асырылады. Айта кетелік, Apple 2003 жылы iTunes медиаплеер сервисін жасап шыққан болатын.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: millioner.kz