- Негізгі бет
- Шолу
- Apple мен Samsung...
Apple мен Samsung арасында тағы да дау шықты
Apple компаниясы Калифорнияның аймақтық сотына Samsung-тің 22 мобильді құрылғысының үстінен шағым түсірді. Алмалы компанияның ойынша, Samsung iOS интерфейсіне қатысты патенттерді ұрлаған. Енді осы шағымға қатысты сот шешімі келесі жылы шығады.
Тізімге танымал гаджеттер де кіреді. Олар Galaxy S III, Galaxy Note II, Galaxy Note 10.1 және Galaxy Tab 2 10.1. Бұдан бөлек, американдық компания өз "қара тізіміне" жаңа Galaxy S4 смартфонын да енгізген.
Сонымен Аррle құжатына назар аударайық. Онда былай делінген: "Samsung компаниясы жақында өзінің жаңа Galaxy S4 смартфонын таныстырып, ол 2013 жылдың сәуірінде сатылымға шықты. Біз жасаған анализ бойынша, бұл девайс та біздің патентті бұзып отыр. Сондықтан да ол "қара тізімге" енуі керек. Қазір біз арыз берген 22 девайстың барлығы да біздің технологиямен жасалынған".
Осы орайда Samsung те қарап қалған жоқ. Қарсы шағым түсірді. Олардың пікірінше, iPhone, iPad, iPod, Mac және Apple TV өнімдері технологиясының барлығы да оңтүстік кореялық компаниядан ұрланған.
Естеріңізге салсақ, Samsung жаңа девайсы Samsung Galaxy S4 сәуір айында сатылымға шыққан еді. Ол Full HD мүмкіндіктегі өлшемі 4,99-дюймды Super AMOLED дисплейімен жабдықталған. 3G нұсқасында сегіз ядролы, жиілігі 1,2 ГГц Samsung Exynos 5 Octa чипі орналасқан болса, LTE нұсқасында жиілігі 1,9 ГГц болатын төрт ядролы Qualcomm Snapdragon 600 процессоры бар. Графикалық жеделдеткіші де чипке байланысты PowerVR SGX 544MP3 533 МГц немесе Adreno 320 деп өзгереді.
Онда 2 ГБ оперативті жад бар. Ішкі жады microSD картасының есебінен ұлғаяды. Екі камерасы 2 және 13 мегапиксельді. Сондай-ақ онда бірнеше сенсорлар да орналасқан: акселерометр, RGB, гироскоп, барометр, температура және ылғал датчигі. Смартфонда Wi-Fi 802.11 a/b/g/n/ac, ИК-порт (телефон қашықтан басқару құрылғысы да бола алады), NFC, Bluetooth 4.0 + LE және MHL 2.0. қолдау қызметтері бар.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: gadgetblog.ru
Б. Қосмағамбет