Силиконды компанияның iPhone 6 және iPhone 6 Plus смартфондары сатылымға шыққалы тұтынушылар тарапынан әртүрлі шағымдар айтылып келеді. Біріне жаңа аппараттың дизайны ұнамаса, екіншісі қолға икемді емес екенін айтады. Ал тағы біреулерді смартфонның қымбат бағасы ойландыраған. Әйткенмен де, iPhone 6 әлемдік нарықта ең өтімді смартфон болып қала беруде.
Расында көптің қалтасы көтере бермейтін смартфон бағасы сарапшы мамандар арасында қызу пікірталас тудырып жатыр. Олардың айтуынша, Apple компаниясы айтылған пікірлерді ескере отырып, жаңа гаджеттің бюджетті нұсқасын шығаруы мүмкін. Оның экраны 4 дюймге дейін кішірейтілетін болады.
Дегенмен, компания басшысы Тим Куктің мұндай шешім қабылдауына ешқандай объективті себеп жоқ. Онсыз да, Apple компаниясы смартфондар нарығын жаулап алуда. Сапалы аппараттың ерекше дизайнынан түсіп жатқан табыс Apple-ді үздік брендердің қатарына қосып, әлемдегі ең қымбат компанияға айналдырып отыр.
Aйта кетейік, Apple компаниясы смартфон шығару тарихында бір рет ғана аппараттың арзан нұсқасын шығарыпты. Кейіннен Тим Кук бұл өнімнің басшылықтың қателігі болғанын айтады. Себебі бағасына қарай оның корпусы алюминийден емес, арзан пластиктен жасалынады. Содан кейін оның сапасы төмендейді. Ал сапасы төмендеген соң оның әлемдік нарықтағы беделі түсіп, табыс мөлшері азаяды. Бұл компанияны дағдарысқа алып келеді.
Apple 2013 жылы «бюджетті» iPhone 5C смартфонын шығару арқылы халқы көп Азия нарығын жаулап алуды мақсат етеді. Дегенмен әлемдік нарықтың он негізгі үлескері тізіміне енетін Қытайдың Lenovo, Huawei, Xiaomі, ZTE, Coolpad/Yulong, TCL/Alcatel Onetouch және Vivo сынды мобильді компаниялары өз үлестерін Apple брендімен бөлісуді қаламайды. Ал осыдан небәрі 5 жыл бұрын құрылған Xiaomі компаниясы Apple смартфонына ұқсас арзан аппарат шығару арқылы Қытай тұтынушыларының көңілінен шығып отыр.
Ал сіз силиконды компания құрастыратын смартфонның бағасы қанша болғанын қалайсыз?