Apple компаниясы Twitter-ге инвестиция құймақшы

Американдық Аpple компаниясы Twitter-ге инвестиция құймақшы. Бұл туралы РИА Жаңалықтар хабарлады.

Аpple компаниясы аталған микроблог сервисінің капиталы 10 миллиард долларға жетер болса, жобаға 100 миллион доллар инвестиция құюды жоспарлап отырғанын айтты. Apple компаниясының планшет, смартфон сату нарығында сәтті жұмыс жасап келе жатқан ұжым екендігін айтып өтелік. Дегенмен оның әлеуметтік медиа саласындағы үлесі білінер-білінбес екендігін мойындау керек. Ал әлеуметтік желілер халықтың уақытының, ақшасының қайда жұмсалатындығын анықтайтын бірден-бір индикатор екендігі белгілі. Apple-дың бұл қадамы осымен түсіндірілді.

Twitter қазіргі кезде биржаға шыққаннан гөрі инвестиция тартып жұмыс істеу бағытын таңдап отыр. CrunchBase ресурсының мәліметтері бойынша, бұл микроблог желісіне осы уақытқа дейін 1,16 миллиард доллар инвестиция жасалған екен.

2012 жылдың 30 маусымында жасалған есеп бойынша Apple-дың қол жеткізген таза пайдасы өткен жылмен салыстырғанда 20,5 пайызға өскен (8.8 миллиард доллар). Айта кетелік, 2011 жылдың үшінші кварталының соңында компанияның 7,3 миллиард пайда тапқандығы белгілі болған еді.

Twitter 200 миллионға жуық қолданушыны астына жинап отырған микроблог сервисы. "Яндекс" компаниясының статистикасы бойынша, сервистағы "кириллицалық аудитория" 2 миллионнан асып жығылады екен.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: blogspot.com