Apple iPhone-ды қойып, электрокөлік шығаратын болды

Apple компаниясының құпия жобаларының бірі жүргізушісіз қозғалатын көліктердің шығару екені белгілі болып отыр. Себебі соңғы кездері iPhone құрастырушысы Tesla компаниясындағы тәжірибелі іскерлерді өзіне тартуға тырысуда. Нақтырақ айтсақ, Apple миллиардер Элон Масктың компаниясының мамандарын жоғары жалақымен шақырып жатыр. Оларға бонус ретінде 250 мың АҚШ доллары ұсынылуда екен.

Өткен аптада америкалық ақпараттық ағымдарда Сан-Франциско қаласында айналып жүрген жүргізушісіз қозғалған электрокардың пайда болғаны туралы жазылды. Сондай-ақ, оның купертинолық компанияға тиесілі екендігіне де болжам жасалынып отыр.

Бірнеше күн бұрын Apple компаниясының қызметкері анонимді түрде осы жағдайды түсіндірген болатын. Оның Business Insider басылымына берген сұхбатында Apple компаниясының өте маңызды жоба аясында еңбектеніп жатқаны туралы сөз болған. Әзірге құпия күйіндегі жобаға қатысу мақсатында Tesla компаниясының мамандары Apple-ге ауысып жатыр екен. Анонимнің айтуынша, Apple-дің жаңа жобасы Tesla өндірісіне бәсекелестік тудырады.

LinkedIn әлеуметтік желісінен жеке ақпарат алу арқылы Business Insider онлайн басылымы Apple Tesla Motors компаниясының роботтық техника және механика саласындағы бұрынғы 50 қызметкерін жұмысқа алғанын жазады.

Бір қызығы Tesla компаниясында да Apple-дің бұрынғы 150 қызметкері еңбектенеді екен. Силикондық компанияның қаржылай ұсынысы өте жоғары. Дегенмен бұл Элон Маск басшылығындағы инженерлерді алып шығуға жеткіліксіз болмақ. Ал Tesla болса өз кезегінде жоғары білікті мамандарынан айырылып қалмаудың амалын жасауда.

«Apple менің компаниямдағы инженерлерді өзіне тартуға тырысып жатыр. Шындығында бұл әзірге олардың қолынан келе қойған жоқ», - дейді Tesla Motors компаниясының бас директоры Элон Маск Bloomberg телеарнасына берген сұхбатында.

Егер соңғы бірнеше жылдың көлеміндегі техно өндірісінің дамуына көз салар болсақ, Apple компаниясы негізгі бағытынан ауысуды көздеп жүргенін байқайсыз. Бұл компанияның әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Ал Tesla компаниясы керісінше жылдам даму үстінде. Себебі ол жақын болашақта үлкен сұранысқа ие болатын электрокөлік саласын негізгі бағыт етіп отыр.

Сурет: sanfrancisco.cbslocal.com

Оқи отырыңыз: 

Тоқпен жүретін көліктің дамытылған түрі шығарылуы мүмкін

Tesla Model S P85D электрокары жаңа әлемдік рекорд орнатты

Mercedes-Benz жүргізушісіз басқарылатын көлік шығарады

Tesla Model X электрокарының қытайлық аналогы шықты