- Негізгі бет
- Шолу
- Apple Финляндия экономикасын...
Apple Финляндия экономикасын құлдыратып жіберді
Apple мен Суоми елін не байланыстырады деп ойлайсыз?
Силикондық компанияның гаджет өндірісіндегі жетістігі бүкіл әлемді мойындатып жатқаны белгілі. Ал оған Фин елінің не қатысы бар? Ендеше, тереңінен талдап көрелік.
Apple девайстары, Финляндия премьер-министрі Александр Стубтың айтуына сенетін болсақ, ел экономикасының дамуының тежелуіне себеп болған. Шенеунік АҚШ-тағы CNBC телеарнасының тілшілерімен болған сұқбатта америкалық корпорацияның болашағына сыни көзқараспен қарайтынын да жасырмады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана фин экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан Nokia компаниясының IT-нарықтан біржола кетуіне осы Apple себеп болыпты. Нақтырақ айтар болсақ, iPhone смартфондары сатылымға шығып, әйгілі Nokia логотипімен шығып жүрген телефон өнімдерін нарықтан ығыстырып тастаған.
Standard & Poor's атты беделді агенттіктің жасаған сараптамалық мәлімдемесі бойынша, еуропалық елдің суверенді рейтингі AA+ (бұрын AAA дәрежеде болған) дәрежесіне дейін төмендеген. Дегенмен, премьер-министрдің саяси рухы еш түскен емес. Қиындықтарды басып өту болашақта инновацияның дамуына алып келетінін CNBC телеарнасында болған сұқбатта кесіп айтты.
Естеріңізге сала кетейік, кезінде қарапайым байланыс құралдарымен ең жоғары сатылым деңгейіне жете білген Nokia компаниясы нарыққа смартфондар шыққаннан кейін бәсекелестікке қабілеттілігін жоғалтқан. Сосын аталған компанияны Microsoft корпорациясы сатып алып, біршама смартфондарды өз платформасында шығарып, бизнесті қайта жандандыруға тырысып көрген болатын.
Дегенмен, ағымдағы жылдың қыркүйек айында америкалық корпорация Nokia-ның енді өнім шығармайтыны және оның зертханалық орталықтары тек жөндеу қызметтерімен айналысатыны туралы ақпарат берді.
Бизнесте дос жоқ демекші, бәселестікке қабілетті болмаған компаниялар осылай өз жұмысын тоқтата беретініне сіз бен біз куә болып отырмыз.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: www.gadgetblog.ru
Ж. Өрісбай