Apple "әлемдегі ең қымбат бренд" атағынан айырылды

Apple "әлемдегі ең қымбат бренд" атағынан айырылды

Әлемдегі ең қымбат брендтердің жаңартылған рейтингісінде америкалық Apple корпорациясы екінші орынға түсіп қалды. Айта кетейік, қазіргі таңда «алмалы» бренд атақты Beats by Dr. Dre құлаққабын сатып алу үшін қызу келіссөздер жүргізіп жатыр.

Ал енді ең қымбат брендпен таныс болыңыздар, ол – Google іздеу жүйесі болып отыр. Мұндай қорытындыны Millward Brown атты жаһандық зерттеу агенттігі жасады.   

«100 Top BrandZ» аталған зерттеу қорытындысы бойынша Аррle бренді өткен жылы 20 пайызға арзандап, енді оның бағасы 148 миллиард долларды құрап отыр. Ал Google болса 40%-ға қымбаттап, $ 159 миллиард бағасын тіркеді.

Рейтингтің үшінші орнына IBM компаниясы жайғасты. Төртінші – Microsoft корпорациясы. Amazon 10-шы болса, аса жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан қытайлық Tencent веб-порталы (бір жылда 97 пайызға өсіп, 53 миллиард доллар болған) 14-ші орынға көтерілді. Facebook әлеуметтік желісі 21-ші (68 пайызға өскен), ал Samsung 29-шы орынды алды.

Осы тұста «Millward Brown аталған компаниялардың брендтерін қалай есептейді?» деген заңды сұрақтың туатыны анық. Ол үшін аталған зерттеу ұйымы «Optimor» деп аталатын өзінің жеке құралын пайдаланады екен. Оның құрамына компанияға тиесілі брендтің құнын анықтайтын бірнеше параметрлер кіреді. Компания өкілдері хабарлағандай, мәліметтер әлемдегі ең ірі 100 000 мекеме мен 2 миллионға жуық тұтынушылардан жасалған сауалнама қорытындысы бойынша алынады.

Зерттеудің толық қорытындысымен танысу үшін келесі сілтемеге өтсеңіз болады (PDF-файлда көрсетілген).

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: millwardbrown.com

Б. Қосмағамбет