Көптен күткен Apple Watch сағатының алғашқы тұтынушылары өз гаджеттерін алып үлгерді. Дегенмен, сол мезетте-ақ ғаламтор беттерінде смарт-сағаттарға қатысты әртүрлі арыз-шағым жариялана бастады. Бірі тот баспайтын болаттан жасалған корпусы тез бүлінетінін жазса, екіншілері экранның тым жұқа екенін айтады. Одан бөлек, сағаттың таттуға қатысты "қарсылығы" бар екен.
Reddit интернет-қоғамының қолданушысы татту мен сағаттың бір-біріне үйлеспейтінін айтады. «Бастапқыда 42 мм-лі смарт-сағатымның детекторы бұзылған деп ойладым. Ол әр кез дисплей өшірілгеннен кейін қайта құпия сөзді сұрай берді», - дейді Guinne55fan есімді қолданушы. Оның айтуынша, сағат ескертулер мен хабарламаларды көрсетпей қойған. Шарасыз қалған тұтынушы компания қызметіне жүгінер алдында, сағатты екінші қолына тағып көреді. Оның бұл қолында татту жоқ болатын. Смарт-гаджет бірден істеп кетеді. Guinne55fan есімді ғаламтор қолданушысы Apple Watch тетіктерінің қара таттуға жақындаған бойда блокқа түсіп қалатынын анықтаған.
Кейіннен мәселенің шешімі Apple Watch баптауларынан табылыпты. Осындай келеңсіздікті тудырмау үшін қолдың детекторын өшіріп тастау керек. Дегенмен, бұл өнім дербестігінің жоғалуына алып келеді. Оның басты артықшылығы да осы детектор болатын. Оған қоса, Apple Pay төлем қызметі де тоқтап қалады екен.