Алматы – үлкен қалалардың бірі. Еліміздегі мәдениет пен руханияттың астанасы. Аталған қала мегаполис болып есептелгеннен кейін, бұл жерде көліктердің қатынауы жиі әрі көп. Халықтың да орналасуы тығыз.
Алматы қаласында қоғамдық көліктер мен такси қызметі қатар жүреді. Еркін такси, арнайы шақыртуға болатын компаниялардың таксилері бар. Дегенмен халықтың тұрмыс-тіршілігіне қарай қоғамдық көліктің десі басым екені белгілі.
Естеріңізде болса, жолда түрлі қақтығыстардың орын алуына себеп болған трамвайды Алматы қаласы бойынша пайдалануды тоқтатты. Бұл бір жағынан көліктердің еркін қозғалуына әсер етті. Бірақ...
Алматы қаласында, көше ішінде қатынайтын қоғамдық көліктердің де жайы мәз емес. Себебі қазір көпшілік қоғамдық көлікке үрейлене отыруға мәжбүр.
Біріншіден, 25-30 адамға арналған автобустар осы санды екі есе қылып, қауіпсіздігіне мән берместен ішке адамды лық толтырып алады. Амалы таусылған халықтың отыруына тура келеді. Себебі әр автобустардың келу аралығы 15-20 минуты. Ал бұл ұзақ. Тіпті кейбір автобустар жарты сағаттан көп уақыт ішінде бір айналып келіп отырады. Бұл уақыттар халықтың шұғыл жұмыстарына уақытылы баруға кедергі келтіреді.
Екіншіден, қазіргі қоғамдық көліктер әр аялдамаға бір тоқтайды демесеңіз, баратын жеріңізге таксиден бұрын жеткізеді. Бір-бірімен жарыса басып бара жатқан қос автобусты көрген кезде шошып қаласыз. Тіпті кейбіреуі тоқтауы керек аялдамаға тоқтамайды. Жүргізушілері де рөлде отырған кезде жекеменшік көлік айдап отырған секілді күйде жүргізеді. Ең қызығы қаладағы көптеген қоғамдық көліктердің жүргізушілері күйзеліске әбден түсіп, жүйкелері сыр бере бастаған секілді. Жауап беруі мен сөйлеуі өте қиын.
Автобустар одан қала берді ереже сақтау жағынан да нашар. Себебі қызылға өтіп кету, асығу, жол кесу жағдайлары жиі орын алады.
Үшіншіден, автобустардың бәрінде жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Себебі ыстық күндері іштен қосылатын арнайы желдеткіш жоқ. Терезе ашуға мәжбүр боласыз. Ал жоғары температура тіркелген кезде терезеден де ыстық әрі қапырық жел ішке ұрады. Өзі қысылып-қымтырлып тұрған адамдардың терге малынбауы мүмкін бе?!
Ал енді таксидің жайына келейік. Алматы қаласында төменгі баға 200 теңгеден бастап жоғарысы 1000 теңгеге баратын таксилер бар. Қазір бензиннің қымбаттауына байланысты 200 теңгенің де құны түсіп барады. Такси баратын жеріңізге қоғамдық көліктен бұрын жеткізері анық. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей құйын секілді жүргізетін автобус алдыңызға түсіп алмаса ғана. Таксимен жүре беруге халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан амал жоқ қоғамдық көлікке отырады. Ал қоғамдық көлік біз айтып отырған үш жағдайдан шыға алмай тұр. Бұл осылай жалғаса берсе түрлі апаттардың орын алары анық. Тіпті алды қазір орын алып, адам шығын болып жатқан жаңалықтарды естиміз.
Қоғамдық көлікті жүргізетін жүргізушіге қойылатын талаптар төмендегідей болу керек:
- Аялдамасы жоқ жерге тоқтауға, кез келген жерге жолаушыны тастап, есік ашып беруіне жол бермеу керек. Соңы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін.
- Адамдардың өміріне жауап беріп отырғанын сезіну керек. Жауапкершілік жағы алға тартылу керек;
- Білікті әрі салмақты, жолаушылармен қарым-қатынас кезінде ерегеске бармайтын, саналы азаматтар болу маңызды;
- Бір қолында рөл, бір қолында шылым, бір құлағында телефоны бар жүргізушіні бәріңіз кездестіріп үлгердіңіздер. Сондықтан мұндай жағдайда арнайы шара қолдану керек;
Ал Алматы қаласы бойынша қоғамдық көліктердің санын көбейту керек және жүргізушілердің айлығын да өсіру керек. Бұл ең бірінші қауіпсіздікке кепіл. Уақыт пен ақша үшін барын салатын жүргізушілер ең ақыры жолаушы үшін таласа-тармаса жол үстінде ұшуға бар. Ал жалақы оларды қанағаттандырған жағдайда қайғылы оқиғалардың саны азайып, халықтың да сенімі артар еді. Одан бөлек қысылып автобус ішінде кептеліс жасау да төмендейді.
Құрметті оқырман, сіз не дейсіз? 80 теңге ме әлде қауіпсіздік пе?