Қазақстанда жоғары жылдамдықты 4G желісі пайда болғалы бері оның тұтынушылары интернетті пайдалану көлемін 10 есеге арттырған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Қорын трансформациялау мәселесін талқылау кезінде «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
«Altel 4G операторын іске қосқалы бері үш жыл өтті. Соңғы үш жылдағы тұтынушылар статистикасы: трафикті алғаш қосқан кезде пайдаланушы орта есеппен 3 ГБ жүктесе, қазір ол шамамен 30 ГБ жүктейді. Яғни, Интернетті тұтыну деңгейі 10 есеге артып отыр», - деді Қ.Есекеев.
Оның айтуынша, Интернет тұтыну деңгейін арттыруда «Viber», «Skype» сынды қосымшалардың рөлі жоғары. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» басқарма төрағасының сөзіне сәйкес, мәлімет алмасу, оның ішінде суреттер мен видео алмасу алдағы 10 жылда тек қана Интернет арқылы жүзеге асатын болады.