АҚШ-тың Омаха қаласында (Небраска штаты) қызық оқиға болды. Штат полициясы қала тұрғыны, зейнеткер кісіге осыдан 46 жыл бұрын ұрланған өзінің мотоциклын тауып, қайтарып берді. Бұл ақпаратты Associated Press агенттігі таратты.
Бұл көліктің жоғалғандығы жөнінде оның иесі 1967 жылдың ақпан айында полицияға хабарлаған екен. Құқық қорғаушылар жақында оны Лос-Анджелестің портынан кездейсоқ тауып алған. 1953 жылы шыққан Triumph Tiger 100 мотоциклы кемемен Жапонияға аттанғалы тұрған жерінен тауарларды тексеру кезінде полицияның қолына түскен. Ал ол көліктің бағасы қазір тоғыз мың доллардан асатын көрінеді. Алайда оның осы күнге дейін кімнің қарамағында болғаны және де кезінде кімнің ұрлағандығы жөнінде ақпараттар әзірге белгісіз күйде қалып отыр.
Зейнеткердің (аты-жөні жарияланған жоқ) көлігін көргенде қандай әсерде болғаны жөнінде де хабар жоқ. Белгілісі - иесі мотоциклды сатып аларда 300 доллар төлеген, дегенмен тауарын сақтандырмаған болып шықты.
Одан бөлек, 2011 жылы да осыған ұқсас оқиға орын алды. Сол кезде Швеция азаматшасы 1996 жылы жоғалтып алған велосипедін қайтарып алған еді. Кейін иесі айтқандай, көлігі 15 жыл бойына ешқандай өзгеріске ұшырамаған. Бұл жағдайда да оның кімнің ұрлағандығы белгісіз күйде қалды.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: mail.ru