- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- 3D-принтер арқылы автокөлік...
3D-принтер арқылы автокөлік құрастырылды
Бүгінде 3D-принтер өте тығыз компоненттерді басып шығару үшін жиі қолданылып жүр. Бұл өндіріс орнының уақыты мен қаржысын үнемдейді.
Divergent Microfactories компаниясы 3D-принтерді автомобиль өндірісі саласына бейімдеп, суперкар құрастырды.
АҚШ-тың Калифорния штатында құрылған Divergent Microfactories стартап-компаниясының бас директоры Кевин Зингер көлікті құрастыруда дематериализация мен демократизацияның болуы маңызды екенін айтады. Бұл көліктің экологиялық таза және бүкіл адам баласына қолжетімді бағамен сатылуы керек деген сөз. Құрастырушылар 3D-принтердің көмегімен Вlade атты жаңа көлік шығаруда арзан ресурстарды қолдана алған. Және оны шығаруға 3 есе аз уақыт жұмсалған.
Көліктің бірінші топтамасы шектеулі санмен шығарылады. Содан кейін инвесторлардың келісімі арқылы компанияның франшизасы сатылмақ. Нәтижеде орта кәсіптік бизнес өкілдері де өз жобаларын Divergent Microfactories компаниясы жасаған алгоритмнің көмегімен бастайтын болады.
Нақтырақ айта кетсек, Вlade суперкары 700 ат күшіне ие. Ал қозғалтқышы табиғи газ әрі бензин негізінде жұмыс істейтін болады. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа небары екі секундта жете алады. Ал салмағы – 635 келі.
Divergent Microfactories бастаған инновациялық автоларды жекелей сату компанияның мини-фабрикасында жүргізіле береді.
Ж. Өрісбай