- Негізгі бет
- Жаңалықтар
- 2025 жылы дыбыстан...
2025 жылы дыбыстан да жылдам пойыздар іске қосылады
Сан-Франциско мен Лос-Анджелес арасы – 559,1 шақырым. Бұл шамамен Алматыдан Тараз қаласына дейінгі жол (520 шақырым). Мұндай қашықтықты басып өтуге орташа есеппен 6 сағат жұмсалады. Hyperloop жобасының мақсаты – осындай қашықтықты 35 минутта басып өту.
Бұл жобаның концептін 2013 жылы америкалық миллиардер Элон Маск таныстырған. Егер жоба іске асса, транспорт индустриясында төңкеріс болады.
SpaceX компаниясының басшысы Элон Маск Hyperloop тасымалдау жүйесіне қызығып отырған инвесторлардың көбі инженер мамандар екенін айтады. Айта кетелік, Hyperloop Transportation Technologies (HTT) компаниясының негізін Boeing, NASA, SpaceX, Yahoo, Salesforce және Airbus сынды компаниялар мен агенттіктердің мамандары құрайды.
Осыдан бір апта бұрын HTT инженерлері жиналып, жаңа жоспар дайындады. Олардың есебі бойынша, бірінші Hyperloop пойызы АҚШ-тың Лос-Анджелес пен Лас-Вегас қалаларын қосады. Жобаға 10 жыл уақыт пен $16 миллиард қаржы жұмсалмақ.
Расында, Элонның бұл жобасы қалааралық байланысты жандандырады. Екі түрлі қаланың тұрғындары бір кеңседе әріптес болып, бір дәмханада күнделікті кездесе алады. Бұл – Тараздың не болмаса Шымкент қаласының тұрғыны Алматыдағы жұмысына күнде келіп-кетіп жүргені секілді нәрсе. Жолға небары 40 минут жұмсалмақ.
Егер Hyperloop жобасы іске асса, ол әлемнің транспорттық жүйесін түп-тамырымен өзгертіп жібереді. Дыбыстан жылдам пойыздар телепорттың аналогына айналуы да мүмкін.
Сурет: etcjournal.com
Ж. Өрісбай