2020 жылға қарай көлік өнеркісібінде көптеген жаңалық болмақ. Бұл уақытқа дейін Nissan, Mercedes-Benz, Audi және Tesla компаниялары өз өнімдерін қолданысқа беріп үлгереді. Аталған авто концерндерінің қатарына Google мен Apple компаниялары да енуі әбден мүмкін.
Осындай мақсатпен шведтік Volvo компаниясы да еңбек етіп келеді. Мамандардың айтуынша, жол апатынан толық қауіпсіз деңгейге жету үшін көлікті өзін-өзі басқару бағдарламасымен қамту керек. Ендеше ресми ақпаратқа орай, шведтік компания өзінің жүргізушісіз басқарылатын көліктерін 2017 жылға қарай жаппай қолданысқа бермек.
Шведтер көлік басқарудың жаңа технологиясына бірден бейімделіп үлгере алмайды. Ол үшін отандық компания қазірден сынақ тәжірибелерін өткізе бастапты. Құрастырушылардың хабарлауынша, енді жаңа автоны жаппай қолданыстағы мүмкіндігін тексеру ғана қалды. Drive Me жобасының кейінгі сатысы компьютермен басқарылатын көліктердің қарапайым автомобильдермен бір жолда икемделе жүруін тәжірибеден өткізу болып табылады. Ал 2017 жылы Volvo Швецияның Гётеборг қаласына жүргізушісіз қозғалатын 100 көлікті ұсынады.
«Арнайы бағдарламамен басқарылатын көліктің концептін жасап, оны құрастыру көп уақытты алмағанымен, оны шынайы өмірдің қозғалысына бейімдеу күрделі еңбекті талап етеді. Көлікті қарапайым ел азаматы тұтына алатындай қауіпсіз әрі сенімді жүйе жабдықтау керек», – дейді Volvo компаниясының техника маманы Эрик Коэлинг.
Volvo-ның жаңа технологиямен қамданатын алғашқы автосы ретінде XC90 жол талғамайтын көлігі осы жылы сатылымға шығатын болады. Қаладағы белгілі бір аймақтың жол картасы көліктерге өздігінен жүру мүмкіндігін беретін ортақ жүйеге енгізілген. Айта кетсек, қауіпті бұрылыстар мен жол торабында туындайтын проблемалар туындағанда немесе жол бағытын ауыстыру кезіндегі қарсы бағыттағы көлікке соқтығысып қалмау мақсатында бірден тежегіштің басылуы сынды алдын алу шаралары бағдарламаға енгізілген.
XC90 жол талғамайтын көлігі
Әзірге жаңа көліктердің автономды қозғалу мүмкіндігі 50 шақырымды қамтып отыр. Жүргізушісіз қозғалатын көліктер жаяу жүргінші мен велосипедшілерге арналған жолағы жоқ көшелерде қозғалатын болады. Drive Me жүйесінің мүмкіндіктерін бағалау тәжірибесіне тек Volvo көлігін тұтынушылар ғана ерікті түрде қатыса алады. Олар қозғалыс кезінде көліктің ішінде болып, қиындық туындаған бойда басқару қолдарына алады.
Компания өкілдерінің айтуынша, көліктің қауіпсіз жүйемен қамтылғанына сенімді болмай, жаппай құрастыруға берілмейді. Егер тәжірибе сынақтары сәтті өтсе, Volvo компаниясы Drive Me жобасын өзге қалаларға да енгізуді жоспарлаған.
Сурет: mixmotor.eu, www.caranddriver.com
Оқи отырыңыз:
iMove (Apple) электромобильдері 2020 жылға қарай шығады
BMW көліктерін смарт-көзілдірікпен басқаруға болады
Tesla Model X электрокарының қытайлық аналогы шықты
2025 жылы дыбыстан да жылдам пойыздар іске қосылады