- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Заманауи тәрбие: тәртіпке...
Заманауи тәрбие: тәртіпке бағынбайтындар
Қазір қоғамда ата-ана мен мұғалім арасында өзара түсініспеушіліктің барын мойындаған жөн. Өйткені, ата-аналар баланың сөзін сөйлеп, мұғалімнің дәрежесін төмендетеді деген пікірді жиі естиміз. Дегенмен, бұл қаншалықты рас?
Баланың тәрбиесінің негізі отбасы арқылы қаланады. Үш жасқа дейін бала бар қабілетті бойына сіңіріп үлгереді, ал, қалған ғұмырын соны жетілдіруге жұмыстанады деген тұжырымның барын білеміз. Сондықтан, үш жасқа дейін бала ата-ананың немесе ата-әжесінің қарауында болып, ой түзейді. Кейін, баланың қабілетін ашатын, оған жол көрсетіп, бағыт сілтейтін – ұстаз.
Бірақ, ұстаздың мәртебесі қаншалықты жоғары?
Заман талабы ма әлде, тәрбиедегі болымсыз өзгеріс пе белгісіз, бірақ, «заманауи» ата-ана баланың дегенімен жүріп, оның ақ дегенін ақ, қара дегенін қараға балайтынын аңғаруға болады. Әрине, баланы тыймау, оның бетінен қақпау секілді тәрбиелеу жұмыстары ғалымдардың ойынша, өте дұрыс. Дегенмен, кейбір адамдар мұның да қолдану уақыты мен жарамдылық мерзімі болатынын естен шығарып алатындай.
Енді ойланып қараңыз, балаңыз ер жетті. Бала кезінде оның қатесіне көз жұмып қарап, оның іс-әрекеті дұрыс деп айқай-шу шығарып, кейде, тіпті мұғалімін сөктіңіз. Балаңыздың жасағаны дұрыс болмаса да, оны жұрттың көзінше қорғадыңыз. Бұл баланың санасында «мені қорғайтын ата-анам бар» деген ой қалыптастырады. Бала өзіне сенімді болып өседі. Бірақ...
Санасыз адамға бұл тәрбие оның мына әлемді улауға мүмкіндік береді. Ол үлкенді сыйлаудан қалады. Мұғалімді сыйлауды бала кезінде тоқтатқан адам, есейгенде үлкенге құрметін жоғалтады. Ол дарынды, қабілетті, жан-жақты болуы мүмкін. Бірақ, бұл қасиеттерін бітпейтін еркелік пен жауапсыздық тұншықтырып тастайды. Ол қателігін мойындамайды немесе кез келген қиындыққа тап болғанда ата-анасының қойнына тығылатын болады. Тіпті, өз еркімен шешім қабылдау барысында қиындыққа тап болады.
Ой еркіндігі мен қимыл еркіндігін шатастырып алмаған жөн. Ой еркіндігі баланың армандауына, қиялдауына әсер ететін болса, қимыл еркіндігі бала бәріне құқылы деген ойды қалыптастырады. «Анда-санда таяқтың дәмін тату» баланы белгілі бәр тәртіп нормасын орындауға, адамдар арасындағы қарым-қатынаста белгілі бір шекараның болатынын ұғуға септігін тигізеді.
Қимыл еркіндігі бар жерде тәртіп екінші орынға ығысады. Бауыржан Момышұлы «Тәрбиелі - тәртіптің құлы, тәртіпті - елдің құлы» деген болатын. Тәрбиенің маңызды элементін ойдан шығарған кезде, дәл химиядағыдай қоспаның қасиеті өзгеретіні секілді, бүкіл адам болмысы өзгереді. Болашақтың «Бұл менің балам ба?» деген өкініш ой мазаламау үшін, бүгіннен бастап балаңызға өмірде тәртіп деген өлшемнің барын ұқтырғайсыз.
Т. Есқали