Ыстықтан температура, тіпті, ересектерде де көтерілуі мүмкін. Ал балаларда ол жиі болады. Ол бала ағзасындағы табиғи жылуды реттеу процесі толық қалыптаспағандығымен түсіндіріледі. Қатты ыстық бала денесі температурасының 37,5 градусқа дейін көтерілуін ынталандыруы мүмкін. Бірақ әр баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеретін болсақ, бұл көрсеткіштің өзгеруі әбден мүмкін.
Екі түсінік бар: қызып кету (ағзаның жылудың көптігінен әлсіреуі) және күн өту. Екі жағдай бір-біріне ұқсайды, бірақ белгілердің ауырлығы мен салдарларында негізгі айырмашылықтар бар.
Қызып кету кезіндегі белгілер:
- температураның 38 градусқа дейін көтерілуі;
- ыстыққа қарамастан терінің салқындау әрі жабысқақ болуы;
- терінің түршігуі;
- бас ауыруы;
- бас айналу, қатты әлсіздік;
- тершеңдік;
- шөлдеу;
- ашуланшақтық;
- жүрек айну немесе құсу;
Күн тиюдің белгілері:
- температураның 40 градусқа дейін көтерілуі;
- терлемеу;
- сананың шатасуы, бағыттан адасу;
- терінің ыстық, құрғақ, қызыл болуы;
- бастың қатты ауыруы;
- тырыспа.
Жиі алдымен ағзаның қызып кетуі болады. Егер оған уақытында шара қолданбаса, жағымсыз және ауыр салдарлары бар күн тию басталады.
Бұл жағдайларды күнге аллергиямен шатастырмаңыз. Күнге аллергия болса, денеге бөртпе шығып, ол қышуы мүмкін. Алайда бұл кезде жоғарыда айтылған басқа белгілер болмайды. Балада күннен аллергия пайда болса, оны көлеңкеге немесе салқындау жерге апарып, антигистаминдік препарат беріп, теріні құрамында пантенолы бар кремдермен тыныштандыру керек.
Қандай балалар ыстыққа қатты әсер береді?
- Кез келген созылмалы аурулары бар балалар ересектердің ерекше бақылауында болуы керек. Себебі олар күн тиюдің салдарларын ауыр өткеруі мүмкін.
- Нақты терапия алып жүрген семіздігі бар, денесінде күйігі бар немесе ауырып жүрген балаларда күн өтіп кету қаупі жоғары.
- Екі жасқа дейінгі балалар. Оларда жылуды реттеуге жауап беретін жүйелері әлі дұрыс дамымаған. Кішкентай балларда жоғарыда айтылған белгілерге жиі тыныс алу қосылуы мүмкін.
Баланы қызып кетуден қалай қорғаймыз?
- Оған тәтті емес, қарапайым суды жиі беріңіз. Кез келген жастағы балада суы бар бөтелке болуы керек, ал ата-ана оның су ішіп жүргенін бақылауы керек.
- Ыстық күндері жеңіл, қозғалысқа кедергі келтірмейтін, теріні барынша жабатын және табиғи маталардан тігілген киімдер кигізіңіз.
- Далада ұзақ жүре бермей, арасында салқындау ғимаратқа кіріп демалыңыз.
- Баланың денесіндегі ашық жерлерге күннен қорғайтын құрал жағыңыз.
- Мүмкін болса, баламен таңертең (11:00-ге дейін) немесе кешке (17:00-ден кейін) серуендеңіз.
- Егер баламен далада қатты ыстық кезде жүрсеңіз, оған белсенді ойындар ойнауына және физикалық жаттығулар орындауына рұқсат бермеңіз.
Қызып кету кезіндегі алғашқы көмек
Баланы бірден салқындау бөлмеге апарыңыз. Азғаны салқындату үшін баланың денесін сумен сүртіп, магистралды тамырларға мұз басуға болады. Сусыздануды болдырмас үшін балаға су және электролиттері бар арнайы ерітінді бере беру керек. Оларды дәріханаларда сатады. Жасына қарай ибупрофен беруге болады. Баланың төсек режимін сақтағаны жақсы. Алайда егер балада тырыспа, өте жоғары температура, сананың шатасуы, ыстық әрі қызыл тері болса, жылдам жедел жәрдем шақыру керек.