Той жасап, бал айын шекара сыртында өткізу – әлі де сәнде. Қазіргі таңда шетелде той жасау да қарқын алды. Тойды да, демалысты да шетелде өткізу кезінде нені ескеру керек? Шетелге шығу құжаттарын қамдау – ең басты мәселе. Той екі жастың ғана мейрамы емес, демек, бір-екі адамның ғана емес, тойшыл қауымның да құжаттарын даярлау қажет болады.
Пальмалар куә
Мальдив, Багама аралдары – экзотика мен романтиканың желі есіп тұратын мекен. Толқын шуын тыңдап тұрып, жарына өмірлік серт беру – көп қалыңдықтың арманы. Бірақ, Мальдив аралында неке қиып, той жасау заңды емес. Су асты мейрамханасында отырып, атаулы күнді ерекше тойлау 1700-5000 АҚШ долларын құрайды. Дегенмен, бұл жерде бал айын өткізу кең етек алған. Демек, бұл заңды. Бұл мекендердің орнын Тайландпен алмастыруға болады. Бір қызығы Тайландта неке жұлдыз жорамал белгісі бойынша қиылады.
Шығыс ертегісі
Әлемнің бай қаласы атанған Дубайда той жасап, неке қию қалта көтере бермейді. Егер қымбат қалада той жасауды ғашықтардың қаслтаса көтеретін болса, ескеретін жайттар бар. Неке шатырдың астында қиылады және дастарханда алкогольдік ішімдіктер қойылмайды. Есесіне, адам көп жиналады екен. Парсы шығанағының жағалауында неке қию 1500 АҚШ долларынан басталса, стилист, әрлеушілерге, яхтамен аралауға 3000 АҚШ долларынан төлейсіз.
Еуропалық ханша мен ханзада
Осы аталған екі елдің алдын орап тұрған мекен – Еуропа. Эйфель мұнарасының жанында не венециялық бір ескекті қайығында тұрып неке қию – әлем жастарының талғамына сай. Той жырын қайық үстінде шырқап, серт байласу 3000 еуроға шығады. Сол тойды чех елінде 1500 еуроға жасауға болады.
Өмірдегі ең маңызды сәт – үйлену тойын қайда, қалай өткізсек те, көрпеге қарай көсілеміз. Болашақта тойын шетелде өткізгісі келетін ғашықтарды құлағдар етіп қоюды жөн көрдік.