Үйде ойнауға болатын физикалық ойындар

Карантин кезінде бала күні бойы мультфильм қарап отыруы дұрыс емес. Бала қозғалуы, жүгіруі және секіруі керек. Бала энергиясын дұрыс жаққа жұмсауы үшін ата-ана қиялын іске қосуы керек. Баланың энергиясы сыртқа шықпаса, ол мазасыз бола түседі. Егер бала мен басқа отбасы мүшелерінің арасында сенімді қатынас болғанын қаласаңыз, бала ойынына араласыңыз. Қазіргі сәтті пайдаланып, сыртқа шықпай-ақ үйде ойнауға болатын белсенді ойындар ұйымдастырыңыз.

Үй боулингі

Боулингті бірнеше адам ойнауға болады. Оған қажет заттар кез келген үйден табылады. Оған доп пен 10 пластик бөтелке ғана керек. Бөтелкелерді түрлі түсті қағаздармен толтырып қоюға болады. Бұл кезде де ережелер шын боулингтегідей болады. Доп қаншалықты көп бөтелкені құлатса, соншалықты жақсы. Ойын қызық болуы үшін жеңімпазға берілетін шағын сыйлық дайындаңыз. Барлық нәтижені ақ параққа жазып отырған жөн.

Сумо күресі

Егер отбасыда жастары жақын екі бала өсіп келе жатса, сумо балуандарының қызықты жарысын ұсыныңыз. Бұл ойын балаларға ұнайды, себебі оған дайындалудың өзі қызық болады. Оған әкесінің екі футболкасы, екі белдік және екі үлкен жастық керек. Балаларға әкесінің футболкасын кигізіп, ішіне жастықты салып, оны белдікпен ұстатасыз. Ал ары қарай олар бір-бірін итеріп, құлатуға тырысады.

Сумо спорты жайлы қызықты 10 дерек

Шармен жүгіру

Әр қатысушыға үрмелі шар беріледі. Ол шарды бөлменің бір шетінен екінші шетіне дейін жеткізу керек. Бірақ шарды қолмен ұстауға болмайды. Мысалы, оны үріп жеткізуі немесе аяққа тіреп апаруы керек. Жасы үлкендеу балаларға ойынды қиындатып, жолға кедергілер қоюға болады.

Қазына іздеу

Бала үйде жалықпас үшін шағын квесттер ойластыруға болады. Мысалы, қазына іздеу! Үйдің ішіне хаты бар 10-15 зат тығып қойыңыз. Олардың әрқайсысында келесі зат жатқан жер жайлы бірдеңе жазылуы керек.

Нысана

«Нысана» ойыны арқылы үйде баланың дәлдігін дамытуға болады. Ол үшін кез келген кәрзеңке немесе шелек керек. Сондай-ақ жұқалтырдан (фольга) шағын доптар жасайсыз. Содан соң алыстан доптарды шелекке дәл салу керек. Ережені біртіндеп қиындатуға болады: алдымен оң қолмен, содан соң сол қолмен лақтыру. Одан кейін отбасы мүшелері «бастадық!» деген сөзден кейін доптарын бірге лақтыруға болады.

Пакетпен секіру

Отбасы мүшелері екі топқа бөлініп, аяқтарына пакет киіп, сонымен бөлменің бір шетінен екінші шетіне дейін секіріп баруы керек. Пакет жерге түсіп кетпес үшін қолдарымен ұстап тұрады.

Қазір барлық спорттық үйірменің жұмысы тоқтап тұр. Бірақ карантин кезінде де баланың физикалық дайындығын жалғастыру керек. Ата-ана кішкентайларға үлгі болып, балаларымен бірге жаттығу жасауды әдетке айналдыруы қажет.