Үйде өсіруге болмайтын 10 гүл

Үйде өсіруге болмайтын 10 гүл
Фото: Getty Images

Үй гүлдері таза ауа мен адамға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Сонымен қатар үйіңізге әдемілікті де алып келеді. Алайда бөлме гүлін өсіруді жаны сүйетін аруларымыз денсаулыққа зиянды бөлме гүлдерін де біле жүргені абзал. Ендеше назарларыңызға үйде өсіруге болмайтын 10 гүлді ұсынамыз.

Персидтік теңбілгүл (персидский цикламен)

Теңбілгүл ұйқы кезінде бойдағы қорқыныш пен жаман дүниелерден арылтуға көмектеседі және оны жатын бөлмедегі кереуеттің басына қою керек. Теңбілгүлдің бұл ерекше қасиетңне ешқандай дау айта алмаймыз. Дегенмен, оның улы қасиеттері де бар екенін ескеру қажет. Гайморитпен ауыратындарға теңбілгүл тамырының шырынын мұрынға тамызуды ұсынады. Алайда мұны мүлде жасамаған дұрыс. Себебі, температура көтеріліп, тамақ ауруымен қоса тыныс алуыңыз қиындай түсуі мүмкін. Ең улы деп есептелген тұсы – жаңа сығылған тамыр шырыны терінің тітіркенуі мен қабынуын тудыртады.

Амарилис ақжидегі (амарилис белладонна)

Ақжидек гүлі – медицина мен косметикада қолданылатын улы өсімдіктер қатарына кіреді. Себебі гүлдің баданалары улы болып келеді. Егер кенеттен өсімдік сабағы сынып, одан сүт шырыны пайда болса, оны қолмен ұстамағаныңыз абзал. Ұстаған жағдайда қолыңызды мұқият жуып, көзіңізге қолыңызды тигізбеңіз.

ДИФФЕНБАХИЯ

Бұл гүл бөлмедегі ауаның химиялық құрамын жақсартуға қабілетті. Алайда оны жатын бөлмеге қоюға болмайды. Себебі, өсімдік шырыны улы, әсіресе сабақтары. Ол ас қорыту мен тыныс алудың елеулі бір бұзылуын тудыруы мүмкін. Сонымен қатар бет немесе қол терісіне тиген жағдайда  күйік тудыруы мүмкін. Егер де бұл гүл үйіңізде болса, оны қолғаппен ұстап, сақтық шараларын ұмытпаңыз. Сонымен қатар бүгінде балабақшаларда диффенбахияны өсіруге тыйым салынған.

Қазтамақ (герань)

 

Қазтамақ гүлінің көпшілігіміз шипалы емдік қасиеттерін ғана білеміз. Қазтамақ фитонцид деп аталатын ерекше зат бөледі. Ол ауаға дезинфекция жасап, жүйке жүйені тыныштандырады және тыныш ұйқымен қамтамасыз етеді. Бұл өсімдік ұйқысыздықпен ауыратын адамдарға жақсы көмектеседі.  Сонымен қатар отит пен ангина кезінде ауырсынуды басады. Дегенмен, герань иісі демікпе мен аллергиялық реакцияны тудыруы мүмкін. Оның иісі өткір болғандықтан, көптеген жәндіктерді жолатпайды. Сондықтан жатын бөлмедегі төсекке жақын қоймаған жөн және қазтамақ (улы бөлме гүлдерінің бірі ретінде) жүкті әйелдерге, қандағы қант мөлшері төмен адамдарға, кішкентай балаларға кері әсері бар

Кактус

Кактус гүлі улы гүлдер қатарына жатпайды. Бірақ кактустардың кейбір түрлері, мысалы, трихоцереус құрамында орталық жүйке жүйесінің сал ауруын тудыруы мүмкін галлюциногендер бар. Олардың әсері ЛСД есірткісінің әсеріне ұқсас.

Сүттіген (молочай)

Сүттігенді мектеп сыныптарындағы терезеден жиі көруге болады. Сүттігеннің кактустарға ұқсайтын түрі мен эурофобия түрлері шын мәнінде улы болып келеді. Сабағы сынғанда шығатын сүтті шырынын ауызға салып дәмін көруге болмайды. Ол жүрек айнуы мен диареяға, бас айналуға алып келеді. Сонымен қатар сүтті шырын теріні күйдіруі мүмін.

Жолақты алоэ

Негізінен алоэ түрлерінің көпшілігі емдік қасиеті бар және оларды үйде емдеу құралы ретінде жиі қолданады. Алайда жолақты алоэ өте қауіпті гүлдер қатарында. Оны емдік мақсатта пайдалануға болмайды. Ол жүкті әйелдердің түсік тастауына себеп болуы мүмкін.

Жапонгүл (гортензия)

 

Жапонгүлін көптеген саяжайлардан кездестіруге болады. Алайда гүлдің барлық бөліктерінде у бар. Егер кездейсоқ ағзаға гүлдің шырыны түссе, терінің қышуы, асқазанның ауырсынуын, жүрек айну секілді кері белгілер болуы мүмкін. Сонымен қатар бұлшық ет жұмысын нашарлатады.

Құбылмалы аглаонема

Өсімдіктің шырыны мен жидектері улы болып келеді. Шырын ауыз және тамақ аймағында ісіну мен ауырсыну сезімін тудырады. Сонымен қатар гүлдің шырынын көзге тигізуден сақ болу керек.

Есіңізде болсын, үйіңізде кішкентай балалар немесе үй жануарлары (әсіресе мысықтар) болса, жоғарыдағы гүлдерді өсірмегеніңіз абзал. Егер де үйіңізде мұндай гүлдер болып, кездейсоқ жағдайда сабағы сынса, сабағынан бөлінген ақ шырынды қолмен ұстаушы болмаңыз. Аталмыш гүлдердің барлығы қауіпті деп саналғанымен, олардың пайдалы да тұстары бар. 

Н. Үсенова