Үйді ұрыдан қалай қорғауға болады?

Үйді ұрыдан қалай қорғауға болады?

"Менің үйімнен ұры не алсын" деп жайбарақат үйдің есігін ашып тастап жүрген болсаңыз, бір күні заттарыңыздың орнын сипалап қалуыңыз ғажап емес. Ұрылар өте әккі халық болғандықтан, олар сіздің үйіңізден ұрлайтын затты табатынына күмәніңіз болмасын. Тым құрығанда, қол сөмкеңізді қымқырып кетуі әбден мүмкін.

Сондықтан, заттарыңызды ұрылардың көзіне көрінетін жерге қоймаңыз. Ұрылар үйдің табалдырығын аттай салысымен мына жерлерді тексереді екен:

1. Киім-кешек салынатын шкаф пен косметика тұратын жер;

2. Кітап сөресі, кітаптардың арасы;

3. Ас үйдегі тамақ салатын сөре;

4. Унитаздың маңайы;

5. Қабырғада ілініп тұрған картинаның арты;

6. Тұсқағаздың бұрыштары, кілемнің асты;

Заттарыңызды ұрының ойына келмейтін жерлерде сақтағаныңыз жөн. Мысалы, жұмсақ ойыншықтың іші, жастықтың іші, шоколад қорабы деген сияқты жерлер ұрының ойына бірден түсе қоймас деп үміттенеміз. 

Ұрыдан қорғанудың мынадай әдістерін ұсынамыз:

1. Есік пен терезе. Әлбетте, ең бірінші назар есікке ауады. Есіктен ақшаңызды аяй көрмеңіз. Берік есіктер 300 доллардан кем тұрмайды. Есіктің ең басты деталі - құлып. Құлып тістерінің көп болғанын қадағалаңыз. "Есіктен болмаса тесіктен" ұранын ұстанған ұрылар үшін терезеден кіру - қалыпты жағдай. Сондықтан, терезеге де кілт салып қойыңыз.

2. Зейнеткер қариялар. Күні-түні подъездің алдында отыратын зейнеткер қариялардың назарынан аулада болып жатқан бірде-бір оқиға тыс қалмайды. Сондықтан, оларға аз-маз ақша төлеп қою артық етпейді. Үйіңізге ұры түскен жағдайда, аулаға кімнің келіп, кімнің кеткенін зейнеткерлерден сұрап ала аласыз.

3. Бейнебақылау. Қалтаңыз көтерсе, бейнебақылау орнатқан жөн әлбетте. Ал шамаңыз келмесе, "Бұл жерде бейнебақылау орнатылған" деген жапсырма жапсырып қойыңыз. 

Демалысқа басқа қалаға кетсеңіз, үйіңізге ұры түспес үшін бірнеше қулыққа баруға болады. Мысалы, балконыңызға көрінетіндей қылып кір жайып қойыңыз немесе бір бөлменің жарығын жағып кетіңіз. 

Бір қадам жердегі дүкенге барып-келмек болсаңыз да, есікті мұқият кілттеп жүріңіз. Өйткені, ұрылар өздерінің құрбандарын сырттай ұзақ уақыт бақылауда ұстап, зерттейді. Мүмкін оның көздеген кезекті құрбаны сіздің үйіңіз шығар? "Сақтықта қорлық жоқ" демекші, үнемі сақтанып жүргеніңіз жөн. 

Cурет: darudar.org, powervideo.ru, triton.by, favim.ru, schastlivoe-detstvo.ua, nursinghomepro.com

Р. Роза