Үй — жан-дүниемізбен демалатын жер. Сондықтан оның іші жайлы болуы үшін кеңістікті дұрыс ұйымдастыру маңызды.
1. Тумбалар
Кереуеттің жанында тұратын шағын тумбаның өзі стиль сыйлап, айқын интерьерлік акцент бола алады. Мысалы, егер үйде бәрі ашық түстерден жасалып, бәрі біркелкі болып кетсе, қанық түсті тумба кеңістікті "тірілтеді" және қызықты етеді. Содан соң тумбаның түсіне ұқсас ұсақ аксессуар немесе текстиль алуға болады. Ал егер бөлмеде әртүрлі түстер көп болса, тумбаны кереуеттің түсімен бірдей етіп алған дұрыс. Мұндай кезде тумбаның үстіне айна немесе картина қоюға болады.
2. Пуф, шағын кресло, кушетка
Пуф, шағын кресло немесе кушетка кез келген интерьерге жайлылық сыйлайды. Осылардың бірін бөлменің бұрышына қойып, қасына шағын үстел мен торшер қойсаңыз, бұл демалуға арналған керемет орын болады.
3. Кілем
Кез келген интерьерге кілем жайсаңыз, ол бөлме бірден жайлы көрінеді. Ол, тіпті, жапқыш жоқ болса, оның орнын толтыра алады. Бастысы, оның өлшемін дұрыс таңдау керек. Кілем диван мен креслоның ортасында тұрмауы керек. Өлшемін таңдаған кезде барлық заттар кілемнің үстінде болатындай етіп алыңыз.
4. Жапқыш
Ол — жайлы үйдің басты құрауыштарының бірі. Әдетте, жапқышты жамылғы, диван, кереует, жастық, кілем немесе орындықтар түсіне сай етіп таңдайды. Жапқыштың көзге бірден түсетін түстегі түрін таңдамауға тырысыңыз. Әйтпесе, интерьерде тек сол ғана көрініп тұрады. Ең ұтымсыз нұсқа — жапқышты қабырға түсіне сәйкес таңдау.
5. Жамылғылар пен жастықтар
Бұл заттар минимализм стиліндегі интерьердің өзін тірі әрі жұмсақ етеді. Жамылғының түрлі түсті және ашық түрлерін алыңыз. Жастықты біртүсті диванға таңдау оңай. Бір стильді сақтауға тырысыңыз.
6. Картина, постер, панно
Еденде, арнайы сөрелерде немесе комодта тұратын кішкентай және үлкен картиналар үйді жайлы ете түседі. Картинаны дұрыс ілудің ережесі — оның ені суреттің астындағы зат енінің 2/3 бөлігін құрау керек.
7. Айна
Айна кеңістікті визуалды түрде кеңейтеді, оны жасанды жарықпен толтырады. Оларды декордың жеке элементі ретінде немесе картиналармен бірге композиция бөлігі ретінде қолдануға болады. Егер қасында торшер немесе шамдар тұрса, онда айна бөлмеге жылы жарық төгеді.
8. Үстел үстінде тұратын шам
Үстел үстінде тұратын шамдар бөлмедегі атмосфераны жылдам өзгертіп жібере алады. Шамды диванның немесе қабырғаның қасындағы үстелге, тумбаға немесе комодка қоюға болады.
9. Торшер
Торшердің жұмсақ түнгі жарығына ештеңе жетпейді. Торшерлер әртүрлі дизайнда болуы мүмкін, бірақ плафон пішіні өзгермейді. Бөлме бұрышында кресло немесе диванмен жақсы үйлесім табады.
10. Құмыра, арт-объектілер
Құмыралар, мүсіншелер, кішкентай және үлкен арт-объектілер — бұлардың барлығы үйді безендіре алады немесе оны қоймаға айналдыра алады. Сондықтан объектілерді түс және стиль бойынша біріктіруге тырысыңыз. Бір жерде 2-3 түс пен текстурадан артық қолданбаңыз. Ең дұрысы, өлшемі ірі, бірақ аз аксессуар қолданыңыз.