Әуелде әйел заты үй, отбасы-ошақ қасы шаруасына, ал ер адам ақша табуға жауапты деп бөлінген. Бұл ұстаным ұзақ уақыт бойы өмір сүріп, ХІХ ғасырда өзгере бастады. Әйел теңсіздігі үшін күрес басталып, ең батыл деген қыз-келіншектер еркектерге қарсы шығып, өз мүмкіндіктерін шектемеуді талап етті.
Ғылымда бұл бағытқа «феминизм» деген атау берілді. Ұзақ жылдар бойы мұндай әйелдер сынға ұшырап, «халық жауымен» тең болды. Дегенмен уақыт өте келе әйелдер қауымы теңдікке қол жеткізді.
Сол кезден бері әйел заты кез келген мамандық иесі болуына мүмкіндік алды. Қазір кейбір ер адамдар төзе бермейтін ауыр жұмыстың өзін де әйел адамдар атқара беретін болды.
Дегенмен тұрмысқа шыққан соң, өз қалауымен үйде қалып, жұмыстан бас тартатын әйелдер де аз емес. Олардың бұл «кәсібінің» қандай артықшылықтары бар?
1. Қазақ отбасында үйде отыратын әйел өте сыйлы, қадірі бар ана саналады. Себебі кешке үйінің адамдары келгенде үй іші таза, тамақ дайын болып тұрады.
2. Сүйікті телехикаясын көруге, өзіне қызықты бір нәрсемен айналысуына уақыт табылады. Бұл орайда «менің үйдегі шаруам да бастан асады, артық уақыт жоқ» деген қарсы пікір туындауы мүмкін. Дегенмен әйелдердің біразы қыруар шаруаға қарамастан өзіне қызықты іспен айналысып, бүкіл шаруаны тындыра алады. Бұл нағыз әйел затына тән қасиеттің бірі.
3. Күнімен үйінде болатындықтан, таңертең оятқыштың шырылына шошып оянып, асығыс-үсігіс жұмысқа жиналудың қажеті жоқ. Дікеңдеп тұрған бастықтары жоқ. Бәсекелесетін қарсыластары жоқ.
4. Жұмыс істемейтін аналар баланың тәрбиесіне көбірек уақыт бөле алады. Сонымен қатар статистикалық мәлімет бойынша, үйде отыратын аналардың жасөспірім балалары дұрыс тәрбиеленіп, өз-өзіне сенімді болып өседі екен.
5. Күнімен үйде отыратындықтан, жаңа рецепт бойынша әртүрлі дәмді тағамдар жасауға мүмкіндігі бар. Кешкісін үйге шаршап келген жұбайы тағамға толы дастарқан мен көңіл-күйі көтеріңкі әйелін көріп риза болары сөзсіз.
6. Арасында қолыңыз босағанда анаңызға, құрбыларыңызға телефон шалып, хабар алуға уақытыңыз бар. Ал жұмысбасты әйелдер үйіне шаршап келіп, асығыс тамақ жасап, ас үйін жуып-тазалап, бірден ұйықтап қалады.
Ал сіз әйелдің үйде отырғанын қалайсыз ба?