Үй жануарларына зиян бөлме гүлдері

Қаладағы көптеген үй жануарлары уақытының көп бөлігін үйде немесе пәтерде өткізуге мәжбүр.  Тек анда-санда иесінің бақылауымен сыртқа шығады. Жануарлар да кішкентай балалар секілді қоршаған әлемге қызығушылық танытады, тіпті зерттеп көреді деуге де болады. Соның ішінде үй өсімдіктерін аузымен тістеп, ойнайды. Алайда кейбір үй гүлдері сіздің үй жануарыңызға зиян келтіріп, оның денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Ендеше үй жануарларына зиян бөлме гүлдерімен таныс бола отырыңыздар.

1. Алоэ вера

2sotki.ru

Алоэ вера – пайдасы өте көп және көптеген ауруларды емдеуге қолданылатын бөлме гүлі. Мәселен,  денсаулыққа қатысты адамдардағы тері, буын, ас қорыту, көру секілді  мүшелерге ем  ретінде қолданады. Сонымен қатар алоэ вера иммунитетті де көтереді. Алайда бұл бөлме гүлі үй жануарларына қарсы әсері бар. Егер де мысығыңыз немесе итіңіз алоэны тістеп, шырыны ішке кеткен жағдайда құсу мен диарея, аяқ-қолының ісінуі байқалады және асқа деген тәбеті төмендеп, көңіл-күйі нашарлайды.

2. Пуансеттия

mtdata.ru

Пуансеттия – сабағынан улы ақ су шығатын, мәңгі жасыл бұтақты, әдемі өсімдік.  Қазақстанда бөлме гүлі ретінде өсіреді. Сабақтары тік жуан, ал жапырақтарының пішіні үйеңкіге ұқсас келеді. Гүлсағақтары да жапырақтарына ұқсас болып келеді, түсі жағынан қызыл, сары, күлгін түрлері бар. Желтоқсан айында гүлдейтіндіктен, көбінесе қызыл түстісі үлкен сұраныста. Сондықтан халық арасында «жаңа-жыл жұлдызы» деген атауы бар. Пуансеттияның басқа гүлдерден айырмашылығы, бұл өсімдікті гүлдету үшін жарықты азайтып, қараңғыда көбірек ұстау керек. Өсімдіктің сабағы улы болғандықтан, оның шырыны жануарыңыздың асқазан-ішек жолдары мен жүйке жүйесіне кері әсері бар. Сонымен қатар шырышты қабықтың күйіп қалуы мен қабынуын да тудырады. Әсіресе бұл өсімдік кішкентай мысықтар мен күшіктер үшін өте қауіпті.

3.Олеандр

www.botanichka.ru

Сыртқы көрінісі әдемі болғанымен, алайда олеандр гүлі адамдарға да, жануарларға тигізер қаупі бар. Сондықтан кішкентай балалар мен үй жануарларын гүлден аулақ ұстаған жөн. Себебі оның құрамында жүрек гликозиді бар. Бұл зат ішектің түйілуін тудырып, терлеуді жоғарылатады. Қалыпты үйлестіруді жоғалтып, тыныс алуды қиындатады. Сонымен қатар жұтқыншақ пен бұлшық еттердегі ісінулер және жүрек-қан тамыр жүйесінде мәселе тудырады.

4. Лалагүл (лилия)

wallpaperscraft.com

Әдемі әрі хош иісті лалагүл көпшіліктің сүйікті гүлдерінің бірі, алайда ол зиянды бөлме гүлдерінің тізімінде. Ең алдымен, лалагүл кішкентай марғаулар үшін өте қауіпті. Себебі олар өзіне қызық дүниелердің бәрін де тістеп көуге тырысады. Ал лалагүл гүлінің шырыны улы және бүйректің жедел жеткіліксіздігін тудыруы мүмкін. Иттер үшін бұл гүлдің аса бір қауіптілігі жоқ.

5. Бегония

alltime.ge

Сыртқы әдемі көрінісіне қарап, бұл гүлді біреуге зиян келтіруі мүмкін деп ешкім де ойламайды. Алайда бегония үй жануарларына өте қауіпті гүл. Себебі өсімдіктің түйнектерінде көптеген улы компоненттер бар. Егер де мысығыңыз немесе итіңіз гүлді тістеп, бегония шырыны ішке кетер болса, ең бірінші ауызды қатты күйдіреді және тыныс алу жүйесінің қабынуы мен көп мөлшерде сілекей шығаруды, құсуды тудыруы мүмкін.

6. Қасқыржем (аспарагус)

rostok.info

Ине секілді ұсақ жапырақтары бар бұл гүлдің сыртқы көрінісі жануарларды өзіне  жақындауына және ойнауына итермелейді. Егер де ойнап жүріп итіңіз немесе мысығыңыз байқаусызда гүлдің бір бөлігін тістеп алса немесе жұтып қойса, көңілді ойыны бірден аяқталды дей беріңіз. Уланудың негізгі белгілері - аллергиялық дерматит, диарея және құсу.

7. Қазтамақ (герань)

sibseed.ru

Үй гүлдерін өсіргенді жақсы көретін көптеген әуесқойлар бактерияға қарсы әсері күшті болғандықтан әдемі герань гүлін өсіруге тырысады. Егер қазтамақ гүлі үйіңізде болса, онда маусымдық инфекция кезінде қорықпасаңыз да болады, алайда үй жануарларына кері әсері бар екенін ұмытпаңыз. Басқа жоғарыдағы гүлдер секілді қазтамақ гүлінің шырыны да улы болып келеді. Егер де мысығыңыз не итіңіз осы шырынға тап болса, бөртпе мен төмен қан қысымы, тәбеттің жоғалуы секілді белгілер байқалады.

8. Гиацинт

koffkindom.ru

Әдемі әрі хош иісті гиацинтке үй жануарлары өте жақын. Алайда мұндай байланыс олар үшін өте қауіпті. Себебі гүлдің түйнектерінде улы шырындар болады. Олар қатты құрысуларға, жүрек-қан тамырлары ауруларына және өңеш пен ауыз қуысында қабыну тудырады.

9. Каладиум

botanichka.ru

Каладий гүлдері — Aroid тұқымдасының гүлді өсімдіктерінің тұқымынан шыққан өсімдік. Көптеген үй жануары каладийдің қызыл-жасылды жапырақтарына назар аударады. Алайда итіңіз бен мысығыңызды гүлге қатты жақындатпағаныңыз абзал. Себебі гүлдің құрамында улы зат бар. Тістеу нәтижесінде жануарыңызда терінің бөртпесі және ауыз қуысында тітіркену мен тыныс алудағы қиындықтар болуы мүмкін.

10. Азалия

kayrosblog.ru

Әдемі азалия гүлі итіңіз бен мысығыңызға ғана қауіпті емес, сонымен қатар жылқы, қой мен ешкі үшін де бұл гүл өте қауіпті. Сондықтан үй жануарлары бүл гүлден аулақ болғаны дұрыс. Бір-екі жапырақты жегеннің өзі жануарға ауыр зардап әкелуі мүмкін. Жедел ас қорыту бұзылыстары, аяқ-қолдың сал ауруы, қимылсыздық, бірнеше күнге дейін сананың жоғалуы, пульстің баяулауы уланудың негізгі белгілері болып табылады. Сол себепті азалия гүлін бақшаңызға немесе оны үйіңізге әкелмес бұрын мұқият ойлаңыз.

Үй жануарларының қауіпсіздігін сақтау үшін үйдегі зиянды өсімдіктерден арылғаныңыз жөн және бидай, сұлы немесе шөп сияқты пайдалы тамақтарды үй жануарлары дүкенінен арнайы тағайындалған жөн. Егер гүліңіз өте қымбат болса, «Антигрызин» өнімін алыңыз. Яғни мысығыңыз гүлге жақын болмауы үшін оны гүлдің жапырақтарына себесіз. Қосымша кептірілген лимон қабығы мен бұрышты сеуіп қоюға болады. Мысықтар бұл иістерді ұнатпайды, сондықтан гүліңізден аулақ жүретін болады.

northwest.afina-pet.ru

Сонымен қатар үйде итіңіз болса, гүлді иттің бойы жетпейтіндей жоғарыға қойған дұрыс. Ал үйде еркін ұшуды ұнататын құсыңыз болса, зиянды гүлдерді пердемен жабыңыз. Кеміргіштерді қауіпті өсімдіктері бар бөлмелерде серуендеуге жібермеген жөн.

Егер де  үй жануарының бірінен кез-келген күмәнді белгілерді байқасаңыз,  тез арада ветеринарға алып барыңыз. Сондай-ақ, дәрігер нақты диагноз қойып, тиімді емдеуді тағайындай үшін өзіңізбен бірге гүлдің бір бөлігін ала барыңыз. Кішкентай балаларға жасалатын қамқорлық секілді үй жануарларына да ерекше қамқорлық пен қауіпсіздік керек. Сондықтан үй жануарына зиянды өсімдіктер қатарын біле жүргеніңіз абзал.