Көпқабатты тұрғын үйде су құбырларынан әсіресе асхана мен ваннадан шығатын жағымсыз иіс бәріне таныс. Құбырға тұрып қалған қалдықтар, аммиактың жиналып қалуы және өзге себептер иістің шығуына себеп болады. Ондағы жаман иісті кетірудің екі жолы бар: бірі – сантехник маманды шақыру, екіншісі – өз бетінше әрекет ету. Назарларыңызға үй жағдайында құбырды тазалаудың бірнеше тәсілдерін ұсынамыз.
1. Құбырды алдымен арнайы химиялық құралдармен тазалаудан бастаңыз. Себебі құбырдың жан-жағына май, қалдықтар тұрып қалып, судың жолын бітеп тастауы мүмкін. Құбыр жолы бітеліп, қабырғасына тұрып қалған қақтардар нәтижесінде жағымсыз иіс шығады. Қазір дүкендерде арнайы сұйықтықтар бар. Сол сұйықтықты шұңғылға (раковинаға) құйып, біршама уақыттан соң үстінен қайнаған су құясыз.
2. Шұңғылдан шығып жатқан жағымсыз иісті жоюдың тағы бір тәсіліне ас содасын қолдануға болады. Соданы көп мөлшерде сеуіп, 1-1,5 сағаттан кейін үстінен су құясыз. Сонымен қатар сода мен сіркесуды былайша қолдануға болады. Бірінші құбырға соданы сеуіп, артынан сіркесуды құю керек. Сосын бетін жауып қойыңыз. 30 минуттан кейін сумен жуып не болмаса 1 литр суға 2 ас қасық тазалауға арналған сода араластырған суды құю керек. Мұны аптасына 2 рет қайталап тұрса, құбыр бітелмейтін болады.
3. Кейде құбыр тесілген не сызат түскен болса да жағымсыз иіс мазалайды. Бұл кезде арнайы маманды шақырып, сызатты тез арада жамаған жөн.
4. Егер құбырдан су тамшыласа, дыбысына мән беріңіз. Егер дыбыс бүлкілдеп шықса, құбырдағы су бекітпенің бұзылғандығын айғақтайды. Су сыртқа кеткен соң иіс сыртқа шыға бастайды. Бұл жағдайда сантехниктің көмегінсіз жөндеуге болмайды.
5. Құбырдағы имекқұбырды да (шұңғылша құйылыс тесігінің жағымсыз иістердің енуіне жол бермейтін элементі) байқаған жақсы. Егер бұл имекқұбырдың келеңсіздіктен арылмайсыз. Себебі, оның мөлшері дұрыс келмесе, су қайда кетерін білмейді. Дұрысы мұны тез анықтап, басқа түрін ауыстыру қажет.
6. Су жүретін құбырды тазалау кезінде ескеретін мәселелер көп. Соның ішінде, қолға қолғап киіп, көзге улы заттардың түсуінен сақтаныңыз. Тазалау жұмысынан кейін құбырды көп мөлшердегі сумен тазалап, бөлмені желдетіңіз.
Асханада жағымсыз иіс болса
Құбыр ғана емес асханада ас дайындағанда және өзге көптеген азық-түліктерді сақтағанда жағымсыз иіс пайда болады. Одан арылудың да бірнеше тәсілдері бар. Мәселен,егер асханада қандай да бір жаман иіс болып қанша әрекет жасағанымен кетпей жатса, мына тәсілді жасап көріңіз. Шағын кастрөлге су құйып, 2-3 тамшы сіркесу тамызасыз. Сосын ыдысты баяу отқа қойып, қайнатасыз. Ал, егер шкафтың ішінен иіс шықса, ішіне кофенің ыдысының бетін ашып, біршама уақытқа қою керек. Тоңазытқыштың ішін аптасына 2 рет содалы сумен сүртіп тұрса, жағымсыз иіс болмайды.
Жағымсыз иіс қауіпті ме?
Асхана, әжетхана, жуынатын бөлмедегі құбырдан шығатын жағымсыз иістің денсаулыққа тигізер зияны баршылық. Себебі, құбырға жиналып қалған қалдықтардан күкірт қышқылы бөлінеді. Олардың құрамында тек күкірт қана емес, метан, азот, карбонды қышқылдар да кездеседі. Бұл заттар өз кезегінде ағзаны байқаусыз улауы әдбен мүмкін. Тұрғын үйдегі құбырларды уақытында мамандарға тексертіп, тазалатып тұрған артық болмайды. Құбырға қашан қоқыстар мен қалдықтар толып қалғанша күтудің әсте қажеті жоқ. Кейде құбырларды жөндеу кезінде мамандардың біліксіздігінен де мәселелер басталады. Дұрысы, мұндай жағдайда қызмет көрсету құны жоғары болса да өз кәсібін жетік білетін маманға жөндету керек. Себебі, біліксіз маман сізді шығынға батыруы да ғажап емес.