- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Үтікті қалай тазалаймыз?...
Үтікті қалай тазалаймыз?
Әрбір үй шаруасындағы әйел үтіктің түбіндегі кез келген дақтың киімді үтіктеуге кедергі жасайтынын біледі. Әрине, жазылған нұсқауларды толықтай орындап, дұрыс күтім жасаса, ұзақ қызмет ететіні анық. Алайда майда-шүйде дүниелерді үнемі жадымызда сақтаймыз ба? Затты сатып алғанымызға екі апта өтпей жатып мұның барлығын ұмытамыз. Артынша жаңа үтік сатып аламыз.
Бүлінген үтік киімді күйдіріп, дақ түсіреді. Сол себепті оның табанындағы артық заттарды алып тастауымыз керек. Екінші мәселе – су сақтайтын орында қақтың жиналуы. Осылайша киімді үтіктеу барысында ақ дақтар түседі. Артынша үтік пайдалануға келмейді. Үтікті тазалап тұрмасақ, температураны қадағалайтын тетіктерін істен шығарады.
Үтікті қақтан қалай тазартамыз? Бұл үшін тексеруден өткен тәсілді пайдаланыңыз. Үтіктің су сақтайтын орнына 25 г лимон қышқылы қосылған су құйыңыз. Буды беру тетігін максимум деңгейіне жеткізіп, бірнеше рет бу шығарыңыз. Қақ тұрып қалған тесіктер ашылуы тиіс. Ашылмаған жағдайда оны әр тесікке шприцтің көмегімен енгізіңіз. Артынша сірке қышқылының көмегімен тазалаңыз.
Кей адам үтікті тазалау үшін сірке қышқылы құйылған ыдысқа салып, шетінен қыздырады. Бұл тәсіл өте қауіпті екенін бірден айтамыз. Салдары үшін жауап бермейміз.
Үтіктің табаны күйіп қалса не істейміз? Бұл жағдайда да сірке қышқылы көмекке келеді. Сірке қышқылын шүберекке құйып, үтіктің табанын сүртіңіз. Табаны толығымен тазаланбайынша, осы әрекетті бірнеше рет қайталаңыз.
Ал сіз үтіктің табанын қалай тазалайсыз?
Қ. Бүйенбай