Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ел игілігіне жарайтын түрлі іс-шаралар өтуде. Осы орайда Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі КММ 22 наурыз Ұлыстың Ұлы күні мерекесі қарсаңында құрақ көрпе акциясын бастаған болатын. Алматы қаласының мәдениет және архивтер басқармасына қарасты мекемелерде ұлттық нақышта өрнектелген құрақ көрпені тігу түбі бір түркі халықтарына ортақ мейрам наурызда басталып, мың жылдан астам тарихы бар айбынды Алматы шаһарының қала күнінде, яғни қыркүйекте аяқталады деп күтілуде. Құрақ көрпе қазаққа тән дүние. Рухани жаңғыруды негізге ала отырып халқымыздың ұлттық өнерінің хас үлгісі саналған қолөнерді қастерлей аламыз. 2000 жылы дәл осындай құрақ көрпені құрау Португалия елінде қолға алынып, Гиннес рекордтар кітабына енген-ді. Сол рекордты жаңарту мақсатында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры маусым айының 16-17 күндерінде өскелең ұрпаққа құрақ көрпенің маңыздылығын жеткізе отырып, көпшілік көрермен қауыммен бірге ұлттық кодымыздың жаңғыруына үлес қосу турасында құрақ көрпе акциясын жалғастырмақ. Бұл жоба 130-дан астам ұлт өкілдерінен құралған Қазақстан бірлігінің тұтастығын көрсетеді. Қуыршақ театрында 2 күнге жалғасатын бұл шарада шеберлік сағаттары көрсетіліп, қуыршақтардан көрме ұйымдастырылып, театр ардагерлері бастаған әртістер келген көрермендермен бірге құрақ көрпе тігетін болады. Шара барысында көрермен назарына кейіпкерін ертегі әлеміне ертіп, көкке, жер мен су асты патшалығына бірге сапар шеккізетін Тоба (реж.: Ж.Жұманбай) қойылымы мен отбасындағы ауызбіршілік, татулық пен бауырлар арасындағы махаббатты насихаттайтын Үш торай (реж: С.Мақұлбеков) қойылымдары сахналанады. Мемлекеттік қуыршақ театры ұлттық дәстүрді дәріптеп, әдеп-ғұрыпты ұлықтау мақсатында қадірлі өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әдемі күйге бөлеу үшін аталмыш шараға бірге ат салысуға шақырады. Айжан Есенгелді