- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тым ащы да,...
Тым ащы да, тым тәтті де болма
Отбасы құрғаннан кейін үйдің берекесі, жанұяның тыныштығы, татулығы көп жағдайда әйел адамның ақылына келіп бағынады. Әйел – үйдің сәулесі. Әйел – отбасының ұйтқысы.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова жас кезінде анасына шағым айта барыпты. Сол кезде анасы: Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет, – депті. Қазақы тәрбиенің тереңіне көз салатын болсақ, қазақ әйелі ерін қай заманда болмасын, өзінен бір саты жоғары қойған.
“Әйелдердiң жақсысы — көзiң түскенде қуандырып, бұйырғаныңа мойынсынғаны. Үйiңде болмағаныңда сенiң ар-намысың мен малыңды сақтағаны.” Қазақ тарихының өткеніне, бүгініне немесе болашағына зер салатын болсақ та, әйелдің бақыты – отбасы. Бұл – қалыптасқан қағида, бұлжымайтын ереже. Дегенмен де, тым төмендеп, өз дәрежеңді жоғалтып алу да – басты қателік. Азаматыңыздың пікірімен санаса отырып, өз пікіріңізді өтініш ретінде жеткізе білу қажет. Ер адамдар тым ақылды болғанды қаламайды. Сондықтан, ер-азаматтардың алдында пәлсапа соғудың қажеті шамалы. Осы орайда да, Зейнеп Ахметоваға атасының айтқан сөзін пайдамызға жаратуға болады.
"Күйеуіңе жақсы жар боламын десең, жұғымды, жағымды боламын десең, тым ащы да, тым тәтті де болма! Өте ащы болсаң – түкіріп тастайды, асыра тәтті болсаң – жұтып қояды. Дәмді болу керек!"
Қолыңнан келгенше сұлу бол, қалағаныңша дана бол. Алайда, ақылды да саналы болуға міндеттісің. Шын мәнінде, әйелдер қауымы, соның ішінде қазақ әйелдері саналы да ақылды болуға міндетті. Өйткені, ұрпақ тәрбиесі, қан тазалығы, тектілік – әйелдің құдіреттілігінің көрінісі.
Ә. Жутаева