- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тұрмыстық құралдар жылдам...
Тұрмыстық құралдар жылдам бұзылмас үшін...
Тұрмыстық құралдарды қолданар алдында оның пайдалану жөніндегі нұсқаулығын оқисыз ба? Көпшілік оны ашпайды. Бір-екі жыл өткесін тоңазытқыш немесе кір жуғыш машина жасамай қалса, шығарушы компаниядан көреді. Тұрмыстық аспаптар біздің кінәмізден бұзылмас үшін оларды дұрыс қолдануды білу керек.
Кір жуғыш машина
- Кір жуғыш машина бұзылуының жиі кездесетін себебі – балалар шұлығы, ішкі киімдер және ұсақ заттар. Кішкентай киім кір жуғыш машинаның барабанында қыстырылып қалмас үшін шұлықтарды және ішкі киімдерді арнайы қапқа салып жуыңыз.
- Қалтаны тексеруді ұмытпаңыз. Тиын, кәмпит және сағыз – кір машинаны бұзатын заттар.
- Барабанды киіммен толтырып тастамаңыз. Бір жағынан, киім нашар жуылуы немесе жыртылуы мүмкін. Екінші жағынан, жоғары жүктеме кезінде уақыт өте тіректер қатардан шығып кетуі мүмкін немесе барабан қозғалысына қатысатын су айдайтын белдік жыртылады.
- Қақты кетіретін құралдарды көп қолданбаңыз. Мұндай құралдар кір жуғыш машинаның ішкі бөліктерін тазартуға керек. Бірақ химиялық құралдар агрессивті болатындықтан, оларды өте жиі қолдану машинаның уақытынан бұрын тозуына әкеледі.
- Кір жуғыш машинаға уақытылы мән беріңіз. Оның ішінде ылғал киім ұзақ қалып қоймауы керек. Кір жуғыш ұнтақ салатын контейнерді тазалап тұрыңыз. Барабанның резеңкесін жиі сүртіңіз. Сол кезде машина бөліктерінде қалдық қалмайды, ал ол машинадан жағымсыз иіс шықпауының алдын алады.
Қысқа толқынды пеш
- Пеш камерасының қабырғасындағы майды сүртіп, уақытылы тазартып тұру керек. Егер май жиналып қалса, слюдалық пластина қызып кетеді немесе сыры зақымдалады. Соның себебінен қысқа толқынды пеш ұшқындап, сатыр-сұтыр дыбыс шыға бастайды.
- Қысқа толқынды пешті тек ішіне қандай да бір өнім салғанда ғана қосуға болатынын ұмытпаңыз. Егер камера бос кезінде пешті қоссаңыз, магнетрон бұзылуы мүмкін. Сондықтан оны балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз. Олар ойнап, бос пешті қосуы мүмкін.
- Пешке арналмаған ыдысты және жұқалтырды қолданбаңыз.
- Оған 50 грамнан аз тамақ салмау керек. Егер тамағыңыз өте кішкентай болса, қасына суы бар стақан қойыңыз.
Тоңазытқыш
- Тоңазытқыштың (немесе мұздатқыштың) ішін еріту керек болса, алдымен оны тоқтан суырыңыз. Ерітуді ыстық күні жасамаған жөн. Себебі оны тазалап болған соң қайтадан қосқан кезде суық жинау үшін көбірек энергия қажет болады. Егер тоңазытқыштың ішін міндетті түрде еріту керек болса, оны тазалап болған соң қайтадан түнде (температура аздап түскен кезде) қосқан жөн.
- Тоңазытқыштағы мұзды қандай да бір затпен қырып алмаңыз. Оның өздігінен ерігенін күтіңіз. Мұздың жылдам ерігені керек болса, ыстық сумен сүртуге болады.
- Тоңазытқышты тазалаған соң оның ішін міндетті түрде құрғатыңыз. Тоңазытқыштың тек ішін емес, сыртында сүртіңіз және оның артын шаңсорғышпен сорып алыңыз.
- Тоңазытқыштың ішін уақытылы (1 литр суға 1 ас қасық мүсәтір спирті) спирт қоспасымен сүртіп тұрсаңыз, оны жағымсыз иістен арылтасыз.
- Тоңазытқышқа ыстық тамақты бірден салмаған жөн. Оны бөлме температурасына дейін суыған соң салу керек. Егер асығып бара жатсаңыз, ыстық тамағы бар кәстрөлді алдымен суық суы бар ыдысқа салып, содан соң соң тоңазытқышқа салыңыз.