- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тұрмысты жеңілдетуге арналған...
Тұрмысты жеңілдетуге арналған лайфхактар
Кейде бос уақыт болған кезде оны үйге пайдасы тиетіндей етіп өткізгіміз келеді. Әдетте, уақыт жетпейтін пайдалы үй жұмыстарының тізімін ұсынамыз.
Кеңістікті босату
Кеңістік ұйымдастыру ретсіздікпен күресуге көмектеседі. Ол арқылы ыңғайлы, эргономикалық және әдемі кеңістік жасауға болады. Бұл сұраққа бірнеше бос сағатыңызды арнаңыз. Оны алдымен зерттеп алыңыз. Содан соң сүлгілерді (кәрзеңкеге орап салу), футболкаларды (тартпаға вертикаль етіп салу), косметиканы (мөлдір органайзерге), жармаларды (контейнерлерге) қалай сақтауға болатынын біліп, төсек жаймалар мен күрткелерді тиімді жинаудың бірнеше әдісін меңгеріңіз. Егер сақтауды дұрыс ұйымдастырсаңыз, заттар екі есе аз орын алуы мүмкін.
Кеңістік ұйымдастыруға бірнеше кеңес ұсынамыз:
- Ашық беттерді бос ұстаңыз. Мысалы, ас үй үстелін, жуынатын бөлмедегі сөрені, журнал үстелшесін, жазу үстелін және т.б сондай жерлерді бос ұстауға тырысыңыз. Олардың үстіне тек өте қажетті бірнеше зат қана қалдырыңыз;
- Ұсақ заттар жиналып қалатын жерлерге, мысалы, кіре берістегі тартпаның үстіне немесе ас үйдегі терезенің алдына кәрзеңке немесе органайзер қойып қойыңыз. Осындай жерлерде ұсақ-түйекті салатын органайзер тұрса, кеңістік бірден жинақы көрінеді;
- Өнімдердің заттаңбасын алып тастаңыз немесе оларды бірдей контейнерлерге салыңыз. Бұл әдіс ас үйдегі және жуынатын бөлмедегі заттарды визуалды түрде біркелкі етуге көмектеседі;
- Сіздің қолыңыз жететін биіктікте тұрған сөрелер мен жәшіктер — заттарды сақтауға ең қойлайлы орындар. Сол жерлерге өте жиі қолданатын заттарыңызды салыңыз;
- Өздігінен жабысатын ілмектер және тартылатын контейнерлер шұңғылша астындағы шкафты реттеуге көмектеседі.
Үй өсімдіктерімен айналысу
Жасыл өсімдіктер үйдің ішінде көптеген функцияларды атқарады. Олар ауаны тазартады, үйді безендіреді және табиғатпен байланысты сақтауға көмектеседі. Бөлме гүлдерімен қатар терезенің алдына аскөктен бастап лимон ағашына дейін өсіруге болады.
Үйдің ішін көгалдандыру үшін алдымен қадамдарды ойластырыңыз: бірнеше пайдалы мақала оқыңыз, гүлдердің сұрыптарын таңдаңыз, әдемі ыдыстарға тапсырыс беріңіз, көшет отырғызумен айналысыңыз. Өсімдіктерді күту — медитациялық іс.
Үйдің ішіндегі кей заттарды өзгерту немесе жаңарту
Үйде көп уақыт өткізгеннен соң өзгерту керек детальдар көріне бастайды. Мысалы: жұмыс үстелінің орнын ауыстыру, балконға перде ілу, жуынатын бөлмеге сақтауға арналған қосымша жер қосу немесе аяқ киім қоюға қосымша сөре алу. Үйді одан әрі жайлы және ыңғайлы ету үшін өзгерту керек нәрселердің тізімін жасап жүріңіз.
Үйдегі заттардың бәрі ойдағыдай, бірақ сонда да жаныңыз қандай да бір өзгерісті қаласа, үйді жаңартумен айналысуға болады. Кіре беріс бөлмедегі қабырғаны жаңа түске бояңыз немесе түсқағазын ауыстырыңыз.
Гардеробты реттеу
Мүмкіндік болса, кәсіби стилистті жалдап, гардеробқа бірге ревизия жасауға болады. Егер ондай мүмкіндік болмаса, базалық принциптерді өзіңіз меңгеріп алып, оны өздігінше реттеуге болады:
- Сырт келбетін жоғалтқан, ескірген, өлшемі сай емес және жараспайтын киімдерді пакетке салып, біреуге беріңіз;
- Қалған киімдерді ілгішке іліңіз: бір ілгішке бір ғана киім ілу принципін қолданыңыз;
- Киімдерді ашық түстен бастап қою түске қарай іліңіз. Бұл арқылы бір түсті немесе бір типті киімдер көп жиналып қалған жоқ па екенін көре аласыз;
- Бар киімдерден құрастыруға болатын киім үлгілерін ойластырыңыз. Киім үлгілеріңіз аяқталуы үшін жетпейтін киімдер мен аксессуарлар тізімін жасаңыз. Бұл тізімді шоппингке барғанда пайдаланыңыз.
Балконды жайлы ету
Көктемнің келуімен балконы бар адамдар оның артықшылықтарын бағалай алады. Біреулер үшін балкон үйдегі көгалға айналса, басқалары үшін ол — кофе ішетін жер. Балконы кең адамдар ол жерде жаттығу жасағанды ұнатады. Егер балконыңыздың мүмкіндіктері әлі ашылмаған болса, оған уақыт бөлетін кез келді.
Балконға көп жиһаз керек емес: бір-екі орындық немесе жұмсақ пуфик және шағын үстел. Ары қарай оны безендіру өз қиялыңызға байланысты. Егер бұрын балконға көп қолданбайтын заттар жинаған болсаңыз, бұл идеядан толықтай бас тартудың қажеті жоқ. Тек балконның бір бөлігін жапқышпен немесе сөрелермен жауып қойыңыз.
А. Жапатова