- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тұрмыста қажет болатын...
Тұрмыста қажет болатын лайфхактар
Үнемдеу барлық нәрседен бас тарту деген сөз емес. Үнемді үй иесі құралдарды орынды қолданып, ысырап етпеуге және әлі де пайдаға асатын затты лақтырмауға тырысады. Үйді артық шығынсыз таза ұстауға көмектесетін лайфхактар ұсынамыз.
Асүйге қажет кеңестер
- Қалташадағы шай жағымсыз иістерді жақсы кетіреді. Жаңа шай қалташасын тоңазытқыш бөлігіне, асүй тартпасына, құтыға және қораптарға салып қоюға болады;
- Банан қабығымен асхана аспаптарын тазалауға болады. Банан қабығының ішкі жағымен қасық, шанышқы және пышақтарды сүртіңіз. Содан соң сумен шайыңыз: олар бірден жылтырайды;
- Бөтелкеде кока-кола қалып қойса, оның газы шығып, сусын дәмсізденеді. Оны төгіп тастамаңыз, бұл құрал шәйнекті, қазанды қақтан жақсы тазартады. Сусынның қалғанын қақталған ыдысқа құйып, қайнатыңыз. Содан соң сумен жуып алыңыз;
- Ыдыс жууға арналған химиялық құралдың орнына қыша ұнтағын қолдануға болады. Оның үстіне ол қол терісіне пайдалы;
- Эмальданған ыдысты тұзбен жууға болады. Ол үшін күйіп кеткен табаға тұзды су құйып, түнге қалдырыңыз. Таңертең оны қайнатып, содан соң жуып алыңыз;
- Еден сүртуге арналған тұрмыстық құралдың орнына суға қарапайым сұйық сабын тамызып жіберіңіз;
- Микротолқынды пеш, мультипісіргіш, буқазан, ет тартқыш, блендер, миксер және басқа да осылар секілді тұрмыстық құралдарды қолданғаннан кейін бірден тазартып алсаңыз, жуу құралын да, күшіңізді де үнемдейсіз.
Ыдыс жуатын сұйықтық дайындау
Ыдыс жуатын сұйықтық бітіп қалса, өзіңіз дайындап алуыңызға болады. Балалар сабынының бір бөлігін үккіштен өткізіп, оған бір стақан су құйып, жақсылап араластырамыз. Содан соң оған жарты стақан сода мен тағы бір стақан су құямыз. Тағы да 2-3 минут араластырамыз. Консистенция біркелкі болу үшін оны миксермен араластыруға болады.
Киім жуған кезде қажет болатын кеңестер
- Киімді ағарту үшін кір жуатын ұнтаққа 1 ас қасық лимон суын құйыңыз немесе жарты ас қасық ас содасын салыңыз. Алайда, оларды тек ақ киімге қолданыңыз, әйтпесе, басқа түсті киімнің бояуын кетіріп жіберуі мүмкін;
- Жүн немесе жібек киімдерге қыша ұнтағын қолдануға болады. 15 г қыша ұнтағын жылы суға ерітіп, жарты сағатқа қалдырыңыз. Содан соң кір жуатын суға құйыңыз;
- Қыша ұнтағын кір жуғыш машинаға да салуға болады. Ол кезде 50 г қыша ұнтағын киіммен бірге барабанға салу керек. Киімді 40 градустан жоғары температурада жуыңыз;
- Сарғайып кеткен киімді ағарту үшін оны 72%-дық кір сабынмен жақсылап көпіртіп, полиэтилен пакетке салыңыз. Оны ауа кірмейтіндей етіп жауып, бір тәулікке қалдырыңыз. Содан соң киімді шайып аласыз;
- Ақ шұлықтар мен ішкөйлектерді ағарту үшін жылы суға бор қышқылын салып, сол суға ақ киімдерді 2 сағатқа қалдыру керек. Бор қышқылы дәріханаларда арзанға сатылады. 1 литр суға 3-4 ас қасық бор қышқылы жеткілікті;
- Синтетикадан тігілген сұрғыш реңді ақ киімдер де бар. Мұндай киімдерді қарапайым тұзбен жуған жөн. Киімді тұз ерітіндісіне (1 литр суға 1-2 ас қасық тұз) жарты сағатқа қалдырыңыз;
- Сабын қалдықтары қолға ұстауға ыңғайсыз болғандықтан лақтырып тастаймыз. Одан сұйық сабын жасауға болады. Ол үшін сабын қалдығын бос ыдысқа салып, оған жылы су құйып, жақсылап араластыру керек. Содан соң одан хош иіс шығу үшін бірнеше тамшы эфир майын тамызуға болады. Мысалы, 250 мл сабынды суға 10 тамшы шай ағашы эфир майын тамызсаңыз, жақсы антибактериялық құрал пайда болады.