- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тұғыржабар деген не?...
Тұғыржабар деген не?
Тұғыржабар дегеніміз – ертеде көзі түскен қыран құсын қалап-сұрап алғанда оның қарымтасына берілетін тарту. Қазақы ортада ертеден қалыптасқан қағида бойынша, қыран құс, жүйрік атты сатуға болмайды.
Ол адамның ғана емес, бүкіл қауымның ырысы мен мерейі болып саналған. Біреудің қолындағы қыран құсқа аңсары ауған құсшы, сондай-ақ сейіл-салтанатқа жаны құмар бай-бағландар және серілер жақсы қыранды есебін тауып қолға түсіруге тырысқан. Ондайда «қалау», беделін салып қолқа салу, араға адамдар жүргізу сияқты ежелден келе жатқан салттар арқылы ықтиярына көндіріп, оның қарымтасына тұғыржабар сыйын ұсынған.
Тұғыржабардың көлемі аң алып жүрген қыранның алғырлығы мен ілгіштігіне, сын-сымбатына байланысты әртүрлі болады.
Қыранның алғырлығына қарай жамбылық, қысырақтық, бір аттық, тайлық, түйелік болады деген сөздерге қарағанда тұғыржабар үшін едәуір мал-мүлік беріп алған. Тұғыржабарға қалы кілем жапқан ат немесе түйе, басқа да асыл заттарды сыйға тартқан. Тіптен, алғыр қыранның тұғыржабары түйе бастатқан тоғызға дейін жеткен.
Ұлы Абай Сыбан елінің Тулақ есімді құсбегісінен Қарашолақ деген бүркітінің тұғыржабарына оншақты ірі қара беріп алған деген мәлімет бар. Зайсан қазақтарында ХХ ғасыр басында жақсы бүркіттің тұғыржабар 5-9 түйе немесе 200 бас қой, не болмаса 300-500 сом ақшаға бағаланған.
Ал сұңқар 1-2 түйе, қаршыға онан арзан болған. Соншалықты құнды тұғыржабар беріп қыран құсты алудың мәні алған адамның әлеуметтік мәртебесін көрсету әрі құсбегілік өнеріне соншалықты аңсары ауғандығын байқатса керек.
Ж.Бабалықұлы
Қ. Слямбек