- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тойдан кейін неге...
Тойдан кейін неге тойынасыз?
Неке – өмірдегі ең мерейлі іс. Дегенмен шырын сәттердің құшақ ашуына орай, алуан өзгеріс пен алмағайып бәсекеге сақадай сайлануыңызға тура келеді. Әрине, тұлғаңыздағы өзгерістер де бұдан қағыс қалмайды.
Осы төңіректе АҚШ мамандарының лебіздеріне құлақ түрсек, неке денеге салмақ қосудың ең оңтайлы әдісі сияқты. Бұған сенесіз бе? Отау көтеріп үлгерген қызметтестеріңізге ебін тауып, көз тоқтатыңызшы, әлдеқандай жаңалық бар ма екен?!
Тұрмыс дағдысындағы өзгеріс – семіздіктің басты себебі
АҚШ Контел унивеситетінің зерттеушілері үйленген ерлердің дене салмағының өздерімен тұстас салт жігіттерге салыстырғанда, 2,3 килограмм артық болатынын, ал, әйелдердің күйеуге шығып 13 жылдан кейін шамасы 10,4 килограмм, ерлердің 8,2 келі салмақ қосатынын дәлелдеп шықты. Жұрттың көбі некеленгеннен кейін есейе бастайды. Бірақ семіздікті некелесумен байланыстыра қарайтындар саусақпен санарлық. Өйткені, көптің ойынша, дене әрекетінің азаюы, тоя тамақтану немесе бала сүю ғана семіздіктің себебі саналмақ. Дегенмен, дене салмағы мен некенің сірә нендей ілігі бар? Мамандар былай дейді: «Неке әу баста бір-бірімен еш байланысы жоқ екі адамның басын бір шаңыраққа қосып, жіпсіз байлайтындықтан, тұрмыс дағдысында белгілі өзгерістің болатыны хақ. Бұл өзгерістер жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, семіруіңізге «себін тигізеді».
Некеленуден бұрын, көңіл қосқан қос жүректі махаббат қана әлдилейді. Ал махаббатқа бой алдырған пенделер роматикашыл келеді. Титімдей іс үшін төбесі көкке жеткендей немесе салыны суға кеткендей болатын олардың тамаққа зауқы соқпай да қалады. Махаббат көптеген адамның асқа тәбетін төмендетеді, тіпті, жеуден аузы босамайтын жандардың да тіпті де көп уақытын аяулысына бөлуі керек болады. Ал тәбеттің тартпауы дене сымбатыңызды қалпында сақтайды.
Некелену қарсаңында, жігіт пен қалыңдық қарбаластыққа түседі. Той дайындағы үшін тұмсығынан шаншылып, шайнамасының күрт азаятындығын айтпай-ақ қоялық, әдемі той көйлегінің тал бойына құп жарасуы үшін өзін тамақтан тыятын бойжеткендер қаншама. Алайда, той өте сала, жас жұбайлардың арқасы босап, жүгі жеңілдей қалады. Бір қауым жұрт некеленгеннен кейін бой түзеуге бұрынғыдай әуестенбейтіндігін, сымбат үйлеріндегі алты айырығынан тер кетіп, арсы-күрсі жаттығу жасауға зауқы соқпайтындығын жасырмайды.
Бас құрағаннан кейінгі уақытта, көп ерлердің қалағанын киіп, көңілі соққанын талғажау ететін мамыражай күндеріне нүкте қойылады да, көбінде әйелінің емеурініне жүгінеді. Әр күні үш уақыт дастархан жайылып, мәні де, сәні өтіп жатса, сіз «тойынбай» қайда барасыз.
Сынықтан басқаның бәрі жұғады
Жанұя мүшелерінің ішіп-жем дағдысы да бір-біріне ықпал жасайды. Бұл сіздің семіруіңізге септігін тигізбей қоймайды. Дәм-тұзыңыз жарасып, ерлі-зайыпты атанған соң, бір қауым жұрттың көңіл өрісі клуб, бақша, күнделікті серуендеуден үйдегі жұмсақ орындыққа ауады. Ендігі күндері серуен құрып, сайран салуыңыздың, жолығуға жол тосуыңыздың қажеті қалмайды. Кешкі астан соң, жұмсақ орындыққа бүк түсіп, сүйікті жарыңызбен бірге теледидарға телміру, ұсақ-түйек тағамдарды талғажу етіп, уақытты жылжыту – міне, бұл әдеттегі ерлі-зайыптылардың ең дағдылы тұрмыс әдісі.
Кейбір күйеулердің немесе әйелдердің түнде тамақтанатын әдеті бар. Бұл әдет өмірдің өтуімен қарсы жұпқа оңай «жұғады». Бірақ бұрыннан мұндай әдеті жоқ адамның түнгі тамаққа тәбеті ауа қалса, түнде тамақтанатын әдеті бар адамнан әлдеқайда тез семіріп шыға келеді.
Некенің ауыртпашылығы да тойынуға себеп болады
Шипагерлер мен тағамтану ғылымының мамандары тұрмыс ауыртпалығының адам бойына тежемсіз тәбет, әсіресе, қант, май құрамы жоғары азықтарға ерекше құмарлық сыйлайтынын байқаған.
Некеленгеннен кейін, ішінара ерлі-зайыптылардың отаса алмауынан немесе ене мен келіннің қырғиқабақ болуынан бірсыпыра әйелдердің өкпесі өршіп, ауыртпалығы артады да, күні бойы көше қыдырудың да, тілегі бір құрбының табалдырығын тоздырудың да реті келмейді. "Әйел ашуланса, ас пісіреді" демекші, сыңайы, іштегі шерді тарқатудың ең оңтайлы әдісі тәбетті түзеу сияқты. Бірақ тоя тамақтанудан мәселенің шешілгені былай тұрсын, салмағыңыз арта береді.
Сондықтан, мамандар үйлену ойы бар немесе басына отау көтеріп, бауырына қазан асқан жандарды неке ләззатын игіліктенумен бірге, денсаулыққа да көңіл бөлуді ескертеді. Керім тұлға, кемел келбет жасыңызды жасырып, сәніңізге сән қосады. Үйлене сала үрген қарындай семіру – жақсы жайт емес. Келешекте, осы үшін, дәулетіңіз шашылып, уақытыңыз зая болуы мүмкін. «Дауыл соқпай, дуал соқ» демекші, некелескеннен кейінгі тұрмысыңызды ерте бастан жөнге салғаныңыз абзал.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: qamshy.kz
M. Auelkhan