- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тойда ойналатын ойындар...
Тойда ойналатын ойындар #2
Тойдың жақсы өтуі 90 пайыз асабаға байланысты. Сондықтан оны таңдауға қанша уақыт болса да жұмсауға болады. Той дайындығына кіріскенде ең алдымен осы шаруаны бітіріңіз. Ал асабаға көмектесіп, тойды одан да қызықты өткізу той иелерінің, ұйымдастырушылардың мойнында. Асаба назарына мына ойындарды ұсынып көріңіз.
Ортаға күйеу жігіт, қалыңдық, жігіт жолдас, қыз жолдас шақырылады немесе бұл ойынды басқа қыз-жігіттерге ойнатуға болады. Ойыншыларға қорап және сыйлық орауға қажетті қайшы, скоч, лента секілді бұйымдар беріледі. Екі ойыншының оң қолы мен сол қолы біріктіріп байланады, екінші қолдары бос тұрады. Осылай бір адам сияқты бір қолмен құралдарды ұстап, екінші қолды да көмекке шақырып, тез арада сыйлық қорабын орап жасау қажет. Екі адамнан құралған екі топтың қайсысы бірінші аяқтаса, сол жеңімпаз.
* * *
Асабаға сандар және оның сыры беріледі. Ол қолындағы ақпаратқа қарап, тойшыл қауымға тек сандарды айтады, халық ол санның не мағына білдіретінін табу қажет. Мынадай мәліметтер келтірсе болады:
Жігіттің, қыздың саусағының өлшемі;
Киімінің өлшемі;
Аяқ киімінің өлшемі;
Жасы;
Туған күні;
Туған айы;
Танысқан күні;
Кездесе бастаған күні;
Сырға салған күні;
Мысалы асаба жай ғана 11 дейді, халық оның күйеу жігіттің туған айы екенін табу қажет.
* * *
Өлең шығару. Асабаға көпшілікке белгілі әннің сөзі не өлеңнің алғашқы жолы беріледі. Ортаға шыққан ойыншылар осы өлеңнің бір жолын естігенде жалғастырып жатқа айтуы керек немесе өзі ойдан өлең шығарып қосуы керек. Әр қатысушыға әртүрлі өлең беруге де болады. Білмегенін басқа қатысушы жалғастырып кетуге де болады.
* * *
Өлең айту. Екі жақта отырған қонақтарды екі топ деп есептейміз. Бірі күйеу жігіт жағында, бірі қалыңдық жағында болады. Барлығы жатқа білетін әндердің бірінші шумағын қосып, екінші шумағына келгенді әнді өшіріп тастайды, қонақтар ары қарай іліп әкетіп, хормен әннің келесі шумағын айтып шығу керек. Екі жаққа екі түрлі ән кезектестіріп қосылып отырады. Қай жақ қателеспей, бұзбай айтып шықса, сол жеңімпаз.
* * *
Осы ойынды басқа бір нұсқада ойнауға да болады. Ортаға жиырма шақты қонақ шақырылып, екі топқа бөлінеді. Екі топ екі түрлі ән таңдап алады. Бұл жолы кезек күтпейді. Керісінше, екі түрлі әнді бір уақытта бастап, өте қатты дауыспен айтып, бір-бірінің дауысын басып кетуі керек.
@. @assel_assanova