- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Тойбастарға не сыйлауға...
Тойбастарға не сыйлауға болады?
Тойда таратылатын «тойбастар» келген қонаққа да осындай қуаныш жұғысты болсын деген ниетпен беріледі. Олар сіздің қуанышыңызбен бөлісуге келіп отырған соң, оларға да қуанышты күннен бір естелік, бір белгі бергеніңіз жөн.
Той соңында келесі тойдың бастауы ретінде «тойбастар» таратылады. Әр дастарханға себетке не киіз үйге, болмаса ұлттық оюлармен безендірілген қапшықтарға салынып беріледі. Ішіне кішкентай киіз үй, қамшы, орамал, шай, қорапшадағы кәмпит, тақия, сырға, сақина секілді заттар сый ретінде салынатын. Дастархан басындағы қонақтар көңілдеріне ұнаған не көзіне түскен сыйды іліп алады. Осы сыйлықтарға альтернативті қандай заттар кіреді екен?
1. Бонбоньерка – әдемі қорап
Қазіргі таңда тойда бонбоньерка деп аталатын кішкентай қораптар трендке еніп келеді. Оның ішінде кішкентай кәмпиттер мен шоколадтар, жаңғақтар, шай салынады. Негізінде мұндай қорапшаларды жас жұбайлардың суретімен, есімі мен той күнін жазып, баспадан шығарады. Бонбоньерканы қонақтың тәрелкесіне қоюға болады. Бонбоньерканың түсі, көлемі және безендірілуі той иесінің қалауымен дайындалады. Бастысы, барлық бонбоньерканың түр-түсі, ішіндегі сыйлықтары бірдей болуын қадағалау керек.
2. Жас жұбайдың суреті бейнеленген не есімдері мен той күні жазылған магнит жапсырмалары
Жұбайлардың әдемі суреті, есімдері, той күні мен «Сізге де бақыт тілейміз!» деген жазу келген қонағыңыздың үйінде, әсіресе тоңазытқыштарында тұрады. Келген қонақтың тәрелкесінің астына қойып, тосынсый ретінде ұсынсаңыздар болады. Болмаса, лоторея ойынын ойнатып, бағы жанған қонағыңызға сыйға беріңіз.
3. Қолдан жасалған сабын
Күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ, қолдан жасалған сыйдың құны жоғары болады. Жұбайлардың инициалы жазылған хош иісті сабын әркімге ұнайтыны мәлім.
4. Ерекше безендірілген сіріңке
Отбасы – ошақ қасы. Ошақты сіріңкемен тұтатады. Осыны себеп қылып, қонақтарыңызға суреттеріңіз бен той күнін бейнелеген сіріңке сыйға тартыңыз. Есте қаларлық сый болуы мүмкін.
5. Гүлдердің дәні
«Болашаққа ұрпақ сыйлаймыз» деген ниетпен берілген сый болмақ. Жайқалып өсетін гүлдердің дәнін қалташаларға салып үлестірсеңіз, таза экологиялық сый деп түсінеді.
6. Шоколад
Түсі әдемі қағазға жұбайлардың есімін жазып, қарапайым шоколадтардың сыртын орап, бантикпен сәндесеңіз, жарасып-ақ кетеді. Бұл әдіс қазірдің өзінде сәнге айналған.
7. Шыны құтыларға құйылған бал немесе тосап
Тәтті сезімнің символы ретінде таптырмас сыйлық. Шақырған қонақтардың саны аз болса, қолдан жасап, шын жүрекпен сыйлаған дұрыс.
8. Күнтізбе
Қуанышты күнді белгілеп, қараса көз тоймайтын суреттермен естен кетпес күнтізбе жасауға болады. Тойдың креативті жаңалығы болары сөзсіз.
Г. Берік